Мазмұнға өту

Ғарышкер Айдын Айымбетовті діннен безді деп айыптады: дінтанушылар келіспейді

Байқоңырдан ұшар алдында православ дін қызметкері экипажға қасиетті су шашқан видео осы айыптауға себеп болды.

Қазақ тілді интернет қолданушылардың бір бөлігі қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовті исламнан безді деп айыптады. Бұған 2 қыркүйекте Байқоңырдан «Союз-ФГ» ұшар алдында православ дін қызметкерінің халықаралық экипаж мүшелеріне қасиетті су шашқаны түсірілген видео себеп болды. Abai.kz порталы пікір сұраған исламтанушылар мен дінтанушылар айыптауды негізсіз деп санайды. Бұл туралы «Радиоточка» қазақ тілді баспасөзге шолуында хабарлады.

«Жерлесіміздің ғарышқа ұшқанына қуанып үлгермей жатып, оны басқа дінді қабылдады деп айыптай бастады», – деп жазды шолу авторы Асыл Рахметова.

Исламтанушы Ершат Оңғаров: «Біріншіден, оған христиан дін қызметкері су шашқаны оның шоқынғанын білдірмейді», – деді. Оның айтуынша, видеодан ғарышкерге бұл рәсімнің онша ұнамағаны байқалады. Оңғаров сондай-ақ бас мүфтиді ғарышкерлердің ұшуына ешкім шақырмағанын атап өтті.

Дінтанушы Жалғас Сандыбаев: «Видеодан Айдынның басқалар сияқты шоқынбағанын, жай ғана көзін жұмып тұрғанын көріп отырмыз», – деді. Оның пікірінше, бұдан ғарышкердің сенімі туралы қорытынды жасау әлі ерте. «Әрине, поптың қасында имам да тұрса жақсы болар еді», – деп қосты ол.

Теология ғылымдарының докторы Мухиддин Исаұлы Айымбетов мұсылман болып қала береді деп есептейді: ол қасиетті суды қабылдамаған, айқышты да сүймеген. «Оның мұсылман екені белгілі ғой», – деді Исаұлы.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері ұшу алдындағы рәсімге шақырту алмаған.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз