27 қарашадағы ақаудан кейін BilimClass электрондық журналында оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің барлық деректері сақталған, олардың сыртқа тарау фактісі анықталмаған. Бұл туралы BilimClass хабарлады. Сонымен бірге платформаның сайты мен қосымшасы 28 қараша сағат 00:00-ге дейін жабылды: компания ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, қосымша техникалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Жүргізілген тексеріс нәтижесінде пайдаланушылардың деректері толық көлемде сақталғаны және сыртқа тарау фактісі анықталмағаны расталды», — делінген платформаның ресми хабарламасында. Компанияның мәліметінше, инцидент салдарынан бірқатар пайдаланушыға қате көрсетілген ақпарат толық қалпына келтірілді.
BilimClass бұл мәлімдемені Instagram парақшасында да жариялады:
Пайдаланушыларға ештеңе істеудің қажеті жоқ. «Пайдаланушылар тарапынан қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ», — деп атап өтті компания. Бұл таңертең журналдан үй тапсырмалары жоғалып кеткен мұғалімдерге де қатысты: BilimClass-тың айтуынша, деректер толық көлемде сақталған. Түн ортасына дейін платформаға оқушылар да, ата-аналар да, педагогтар да кіре алмайды. Сұрақтар бойынша компания қолдау қызметіне жүгінуді сұрайды — BilimClass Instagram парақшасында ол үшін Telegram-дағы @BilimClassHelpBot ботын және +7 (707) 944-95-94 телефон нөмірін көрсеткен.
Компания инцидентті жергілікті техникалық ақау деп атады. Оған не себеп болғанын және жүйеге бөгде біреу араласқан-араласпағанын BilimClass нақтылаған жоқ. Компания мұндай жағдай қайталанбауы үшін қорғаныс жүйесін жетілдіруді жалғастырып жатқанын ғана хабарлады.
Ақау 27 қарашада таңертең басталды. Мұғалімдер әлеуметтік желілерде журналдан бүкіл тоқсандағы үй тапсырмалары жоғалып кеткенін айтып шағымданды, кейбір пайдаланушылардың қосымшасы ашылмай, бағалар мен сабақ кестесі көрінбей қалды. Одан бұрын, түнде, кейбір пайдаланушыларға BilimLand атынан қате SMS-хабарламалар келді — әлеуметтік желілерде мектеп біржола жабылды деген хабарламалар жарияланды. Толығырақ — BilimClass ақауы туралы материалымызда.
BilimClass қағаз журналдар мен күнделіктердің орнына қолданылады: мұғалімдер онда баға қойып, үй тапсырмасын жазады, ал ата-аналар баласының үлгерімін бақылайды. Алматы қаласы білім басқармасының дерегінше, жыл басында платформаны 11 облыстың мектептері пайдаланған, ал 2026 жылғы қаңтарда Kundelik-пен болған сот дауынан кейін оған Алматы мектептері де көшірілді.



