Германия парламенті – Бундестаг 27 қарашада билеуші коалицияның дауысымен 2027 жылғы федералдық бюджетті бекітті, онда Украинаны қолдауға 11,6 млрд еуро қаралған. Бұл биылғыдан сәл көп: 11,547 млрд еуроның орнына 11,612 млрд еуро. Қаржы халықаралық құқықты бұза отырып шабуыл жасалған мемлекеттердің қауіпсіздігін, қорғанысын және тұрақтылығын нығайтуға арналған жеке бап бойынша өтеді.
Соманың негізгі бөлігі – 9 млрд еуро бюджетте жай ғана «Украинаны қолдау» деп жазылған. Сонымен қатар Германия Украинаның қорғаныс және сыртқы істер министрліктерін нығайтуға қаржы бөледі, ал украин әскерилерін емдеуге 25 млн еуро қарастырды. Тағы 649 млн еуро Еуропалық бейбітшілік қорына түседі – бұл ЕО елдерінің ортақ қоры, одан Украинаға қару-жарақ сатып алынады.
Германияның көмегі Украина қаржысындағы тапшылықтың едәуір бөлігін жабады. Президент Владимир Зеленский 2027 жылға қаражат тапшылығын 70 млрд еуро деп бағалаған. Еуроодақ Украинаға 45 млрд еуро жаңа несие беруді талқылап жатыр, бірақ түпкілікті шешім 17–18 желтоқсандағы саммитке қалдырылды. Осы несиенің өзімен де Киевтің одақтастарына тағы 25 млрд еуроға жуық қаржы табу қажет, ал Германияның ақшасы осы соманың жартысына жуығын жабады. Тапшылық жабылмаса, Халықаралық валюта қоры Украинаға көмек бағдарламасын жалғастыра алмайды: ол үшін Киевке теңгерімді бюджет керек.
Германияның өзі де қарулануда: оның қорғанысқа жұмсайтын шығыны 140 млрд еуроға жуықтайды – бұл қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бергі ең жоғары деңгей. Үкімет мұны Ресейдің Украинаға қарсы соғысымен және Еуропаға төнген гибридтік қауіптермен байланыстырады. Бюджеттің жалпы шығыны 555,9 млрд еуро құрайды, бұл 2026 жылғыдан шамамен 6%-ға көп.
Киль әлемдік экономика институтының дерегінше, Ресей 2022 жылы ауқымды басып кіру бастағаннан бері Германия АҚШ пен ЕО институттарынан кейінгі Украинаның үшінші ірі донорына айналды. Канцлер Фридрих Мерц Еуроодақтың барлық 27 елінің жыл соңына дейін Украинаны ұзақ мерзімді қаржылай қолдау жөнінде келісуін жақтайтын басты саясаткерлердің бірі.



