Украина Ресейге Қара теңіздегі атысты тоқтату жөніндегі ұсыныстарын жіберіп, жауап күтіп отыр, ал Мәскеу келісімге мұнай экспортын қосуды талап етуде. Бұл туралы 27 қарашада Киевте өткен азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі V Food from Ukraine халықаралық конференциясының кулуарында Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига мәлімдеді.
«Қазір ең бастысы – Қара теңізде кеме қатынасының еркіндігін қайтару. Бұл аса маңызды міндет. Украина Қара теңізді қалай босатуға болатыны жөнінде шынайы шарттар ұсынды… Қазір біз Ресейдің жауабын күтіп отырмыз. Барлық ұсынысымыз жеткізілді», – деді Сибига.
Басты дау – бітімге не кіретінінде. Киев оны кеме қатынасының қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімін тасымалдаумен шектегісі келеді. Министрдің айтуынша, Украина ұсыныстар топтамасын жіберген сайын Ресей шынайы емес жаңа талаптар қояды. «Егер ауыл шаруашылығы өнімі туралы айтсақ, әрине, біз мұндай бітімге дайынбыз. Олар (ресейліктер – ред.) бірден мұнайды қосуды ұсынады. Мұнай кеңірек энергетикалық бітімнің бір бөлігі болуы мүмкін. Ал Қара теңіз бойынша біз ауыл шаруашылығы өніміне назар аударамыз», – деп түсіндірді ол. Украина энергетикалық бітімге де дайын, бірақ ол барлық құрамдас бөлігін қамтуы тиіс.
Сибига Қара теңіздегі шиеленісті бәсеңдетуге делдал болған Үндістанға, Түркияға және Мысырға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Ресей Балтық теңізін пайдалануды жалғастырып отырғанын айтты: оның сөзінше, Ресей экспортының 40%-дан астамы сол бағыт арқылы өтеді, ал басқа порттар арқылы Украинаның басып алынған аумақтарынан астық шығарылады. «Сондықтан бізге қысым керек», – деді министр. Оның айтуынша, Киев Ресейдің Қара теңізді «бір Ормузға» айналдыруын қаламайды.
Мәскеу қазіргі ұсыныстарға әлі ресми жауап берген жоқ. Тамызда Reuters Киевтің осыған ұқсас бастамасы туралы хабарлағаннан кейін Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу теңіздегі бітімге «негіз көрмейтінін» мәлімдеген. БҰҰ мен Түркияның делдалдығымен жасалған бұрынғы астық келісімі 2022 жылдан бастап жұмыс істеді, бірақ Ресей 2023 жылғы шілдеде одан шықты. Бір күн бұрын Владимир Зеленский BBC-ге сұхбатында Трамп пен Путиннің достығын «оғаш» деп атап, АҚШ-ты Мәскеуге көбірек қысым жасауға шақырды.



