Ресейлік «Лукойлдың» Қазақстандағы ең ірі екі мұнай-газ жобасындағы үлесі — Теңіздегі 5% пен Қарашығанақтағы 13,5% — компанияның шетелдегі бизнесін америкалық Eldridge инвестициялық компаниясы бастаған консорциумға сату мәмілесіне кіреді. Бұл туралы 27 қарашада мәміле егжей-тегжейін білетін дереккөзге сілтеме жасап Forbes Kazakhstan хабарлады. Дереккөздің бағалауынша, мәмілені жабуға шамамен бір жыл кетеді.
Бұған дейін мәміледегі қазақстандық активтер туралы Қазақстанның Мұнай-газ қауымдастығының PetroCouncil.kz Telegram-арнасы салалық Upstream басылымына сілтеме жасап жазған. Арна дерегінше, мәмілеге «Лукойлдың» Каспийдің қазақстандық қайраңындағы Қаламқас-Хазар жобасындағы үлесі де кірген: ресейлік компанияға онда 50% тиесілі, ал серіктесі — «ҚазМұнайГаз». Мәмілеге Ирактағы Батыс Құрна — 2 кен орны мен Мексикадағы теңізде өндіру кірмеген: АҚШ санкцияларынан кейін «Лукойл» олардың бақылауынан айырылған.
PetroCouncil.kz арнасының мәміле шарттары туралы жазбасы:
Қазақстан Энергетика министрлігі Forbes Kazakhstan-ға аты-жөні аталмаған дереккөздерден алынған ақпаратқа пікір білдірмейтінін айтты. Қарашығанақтың 10%-ына иелік ететін «ҚазМұнайГаз» «Лукойлмен» бірлескен жобалар бойынша нақты ақпарат пайда болған бойда толығырақ хабарлайтынын жеткізді. Теңіз жобасының операторы «Теңізшевройл» пікірін әзірлеп жатыр. Қазақстандық үлестерді сатып алуды республика билігімен келісу керек пе, әзірге белгісіз. PetroCouncil.kz еске салғандай, Қазақстан бұған дейін осы жобалардың бірқатарындағы үлестерді басым құқықпен сатып алатынын мәлімдеген.
«Лукойлдың» шетелдегі активтері шоғырланған Lukoil International (LIG) компаниясын сатып алу туралы келісімге консорциум 25 қарашада қол қойды. Консорциумға «Лос-Анджелес Доджерс» бейсбол клубының тең иесі, америкалық миллиардер Тодд Боулидің Eldridge компаниясынан бөлек, АҚШ-тың Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC), Xtellus Partners банкі және БАӘ-дегі Catena Investment Holding кірді. Консорциум ақшамен емес, 2022 жылдан бері бұғатталған «Лукойл» мен басқа да ресейлік компаниялардың номиналы шамамен 10 млрд доллар (шамамен 4,6 трлн теңге) акцияларымен төлейді. Upstream дерегінше, портфельдің өзі шамамен 20 млрд долларға (шамамен 9,2 трлн теңге) бағаланады.
Мәмілені әлі АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) мақұлдауы керек. Мұндай лицензиясыз бұған дейінгі сату әрекеті сәтсіз аяқталған: америкалық Carlyle компаниясымен қаңтарда жасалған келісім қазақстандық активтерді қамтымаған және 2026 жылғы шілдеде күшін жойған. «Лукойл» шетелдегі бизнесін 2025 жылғы қазанда енгізілген АҚШ санкцияларына байланысты сатып жатыр.



