Дональд Трамп әкімшілігі биыл Венесуэла мен Иракты ОПЕК-тен шығуға итермелеп, Каракасқа ұйымға жыл сайынғы мүшелік жарнасын төлеуге жол бермеген. Бұл туралы 27 қарашада, жұмада, хабардар он дереккөзге сілтеме жасап Reuters хабарлады. Екі ел де картельдің бес негізін қалаушысының қатарына кіреді.
Агенттік дерегінше, Венесуэлаға қысым соншалықты күшейген, жазда Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман араласып, Вашингтонды бұл талаптан бас тартуға көндірген. АҚШ Мемлекеттік департаменті ОПЕК-тен шығу мәселесін Венесуэла өкілдерімен қаңтарда америкалық әскерилер Николас Мадуроны тұтқындағаннан кейін талқылай бастаған. Трамп Венесуэладағы мұнай өндірісін америкалық компаниялар қалпына келтіргенін қалап, ОПЕК шешімдері бұған кедергі болады деп алаңдаған.
Reuters мәліметінше, Иракқа да жазда қысым жасалған: америкалық шенеуніктермен әңгімеден кейін премьер-министр Әли Фалих әз-Заиди ОПЕК-тен шығу мәселесін үкімет отырысында көтерген. Алайда мұнай министрлігі оны бұл ниетінен айнытқан – Ирак ұйымда қалды және оның орнына өндіріс квотасын арттыруды сұрауы мүмкін.
Вашингтонның екі елге де ықпал ету тетігі бар. Мадуро биліктен тайдырылғаннан кейін Венесуэланың мемлекеттік қаражатына қол жеткізуін АҚШ бақылап отыр, ал Ирактың мұнайдан түсетін табысы 2003 жылғы соғыстан бері Нью-Йорктегі Федералдық резерв банкіндегі шот арқылы өтеді. ОПЕК-ке мүшелік жарна елдер арасында тең бөлінеді – әрқайсысынан шамамен 2,8 млн еуро (1,41 млрд теңгеге жуық). ОПЕК-тегі екі дереккөз агенттікке ұйым Венесуэланы жарнаны төлемегені үшін шығаруды көздемейтінін айтқан.
Мемлекеттік департамент жарнаға тосқауыл қойылғанын-қойылмағанын айтпаса да, Венесуэланың қаражатын қалай жұмсайтынын өздері шешетінін растады. «Департамент Венесуэланың уақытша үкіметінен төлем жасау туралы сұраныстар алып, оларды қарайды, соның ішінде шетелдік мемлекеттік депозит қаражатын пайдаланудың рұқсат етілген және тыйым салынған тәсілдерінің тізімімен салыстырады», – деді ведомство өкілі агенттікке. Оның айтуынша, ОПЕК-тен шығу мәселесін төменгі деңгейдегі шенеуніктер көтеруі мүмкін, бірақ «бұл жоғары лауазымды шенеуніктер көтерген мәселелердің қатарында болған жоқ». Ол Иракпен әңгімелер энергетикалық инфрақұрылымға қатысты болғанын, «ОПЕК-ке емес» екенін қосты.
2019 жылдан бері ОПЕК-тен төрт ел шықты: Катар, Эквадор, Ангола және биыл БАӘ. Венесуэла тәулігіне шамамен 1,2 млн баррель мұнай өндіреді және квотадан босатылған. Қазақстан ОПЕК құрамында жоқ, бірақ кеңірек ОПЕК+ альянсына қатысады. Альянс министрлері 29 қарашада, жексенбіде, бас қосады, ал Reuters жазғандай, олар 2027 жылғы бірінші тоқсанға квоталарды сақтауы мүмкін.



