Мазмұнға өту

Астана голболдан жастар арасындағы әлем чемпионатын алғаш қабылдайды

Медаль үшін 16 елден келген көру қабілеті бұзылған 200-ден астам спортшы, оның ішінде Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері бақ сынайды.

Голбол: молодёжный чемпионат мира IBSA пройдёт в Астане

Астанада 29 қарашадан 4 желтоқсанға дейін голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты – IBSA Goalball World Youth Championships алғаш рет өтеді. Ойындар Тұран даңғылы, 4/2 мекенжайындағы Beeline Arena спорт кешенінде ұйымдастырылады, деп хабарлады елорда әкімдігі.

Турнирге 16 елден көру қабілеті бұзылған 200-ден астам спортшы қатысады. Олар Бразилия, Аустралия, Канада, Испания, Германия, Үндістан, Израиль, Корея Республикасы, Польша, Ресей, Швеция, Түркия, АҚШ, Аустрия, Өзбекстан және Қазақстан командалары. Медальдарды ерлер мен әйелдер командалары сарапқа салады. Қазақстаннан екі құрама – ерлер және әйелдер командасы шығады.

Ашылу салтанаты 29 қарашада сағат 16:30-да басталады. Ойындар 30 қарашадан 4 желтоқсанға дейін күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жүреді, финалдық кездесулер соңғы күні өтеді. Турнирдің құрметті қонағы – Халықаралық соқырлар спорты федерациясының (IBSA) бас хатшысы Руфат Гаджили.

Чемпионат IBSA қамқорлығымен, Туризм және спорт министрлігі мен Астана әкімдігінің қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылар – Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қазақстан голбол федерациясы мен Қазақ соқырлар қоғамы. Бас серіктесі – Ұлттық паралимпиадалық комитет.

Голбол – зағиптар мен нашар көретіндерге арналған паралимпиадалық командалық спорт түрі. Ойыншылар жарық өткізбейтін көзілдірік киіп, ішінде қоңыраулары бар допты еденмен домалатып, қарсыласының қақпасына енгізуге тырысады. Қазақстан голболында да жеңістер бар: 2025 жылдың желтоқсанында жасөспірімдер құрамасы Дубайда өткен Азиялық жасөспірімдер параойындарында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз