UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачевтің менеджері Әли Абдель-Әзиз осы салмақтың бұрынғы чемпионы Тайрон Вудлиге өткір жауап берді. Американдық бұған дейін белсенділігі төмен болғаны және бразилиялық Карлос Пратеспен жекпе-жектен бас тартқаны үшін Махачевтен белбеуді тартып алуды талап еткен. Абдель-Әзиз бұл туралы X әлеуметтік желісінде жазды.
«ММА-да бүгінге дейін қатарынан жеті рет жеңілген Тайрон Вудли қатарынан 17 рет жеңген, екі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, әрқайсысында титулын қорғаған Ислам Махачев туралы айтып отыр. Бір кездері маңызды тұлға болған бұрынғы чемпионның басқа жұдырықтасушының жетістігін тойлаудың орнына оны құрметтемей, өзіне қайта назар аудартуға тырысқанын көру қайғылы. Сіз Исламнан титулды алу керек дейсіз бе?» — деп жазды менеджер.
«Барынша құрметпен айтсақ, UFC тарихындағы барлық чемпиондардың ішінде сіздің ұйыммен іскерлік қарым-қатынасыңыз ең нашарларының бірі болған шығар. Енді сіз тек назар аудару үшін барлық уақыттағы ең ұлы жұдырықтасушылардың бірі саналатын жігітті сынап отырсыз. Бұрынғы чемпиондар өздерін жақсы сезіну үшін басқа жұдырықтасушыларды кемсітпей, оларды қолдауы керек. Қалай болғанда да, Алғыс айту күнін жақсы өткізіп, күркетауық етінен ләззат алдыңыз деп үміттенемін», — деп қосты Абдель-Әзиз.
Махачевтің өзі соңғы жекпе-жегін 16 тамызда Филадельфиядағы UFC 330 турнирінде өткізді: ол Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, жартылай орта салмақтағы белбеуін қорғады. Ресейліктің кәсіби рекордында 29 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Исламның келесі қарсыласы әлі белгісіз, жұдырықтасушының өзі орта салмаққа ауысуды жоққа шығармаған. Жуырда «Матч ТВ»-ға берген сұхбатында Махачев АҚШ-та тұрып, жұмыс істегісі келмейтінін мойындады: «Америкаға тек жекпе-жек өткізіп, кері қайту үшін ғана барамын».



