Мазмұнға өту

Зеленский Трамп пен Путиннің достығын «оғаш» деп атады

Украина президенті сондай-ақ АҚШ Patriot зымырандарын жеткізуді кешіктіріп, бейбіт келіссөздерде Ресейге жеткілікті қысым жасамай отырғанына шағымданды.

Владимир Зеленский даёт интервью корреспонденту BBC Саре Рейнсфорд в Киеве
Фото: BBC

Украина президенті Владимир Зеленский Астана уақытымен 27 қарашаға қараған түні жарияланған BBC сұхбатында Дональд Трамптың Владимир Путинді құшақтап тұрған суретін «менің досым» деген жазумен жариялағанын «оғаш» деп атады. «Әрине, бұл – АҚШ президентінің ісі, бірақ… бұл оғаш», – деді Зеленский Киев орталығындағы кабинетінде ағылшын тілінде сөйлеп.

«Ол – агрессор әрі кісі өлтіруші… Ол дос бола алмайды. Мүлдем бола алмайды», – деді Украина президенті. BBC-дің жазуынша, Зеленский мұны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біреудің Адольф Гитлерді досым деп атағанымен салыстырды.

Зеленский сондай-ақ Вашингтонды Таяу Шығысқа тым көп көңіл бөліп, бейбіт келіссөздерде Ресейге жеткілікті қысым жасамай отыр деп сынады. «Агрессормен өте бейтарап болуға тырыссаңыз… бұл құрбандарды да, агрессорды да қолдайсыз деген сөз. Бұл дұрыс емес», – деді ол. АҚШ өз ұстанымын бейтарап деп санайды: Вашингтон екі тарап та сақтай алатын бейбіт келісім іздеп жатқанын айтады.

Зеленскийдің айтуынша, американдықтар Patriot жүйелеріне арналған зымырандарды жеткізуді кешіктіріп отыр, ал Украинаға баллистикалық зымырандарды ұстап қалатын зымырандар қатты жетіспейді. «Олардың Таяу Шығысқа назар аударып, оларға көбірек көмектесетіні өкінішті… Өкінішті. Бізде бұл жөнінде үлкен сұрақтар бар», – деді ол. «Бұл зымырандардың тапшылығы – адамдардың өмірі». Бұған дейін Киев Patriot зымырандарын үш айға жуық ала алмай отырғанын айтқан еді. Есесіне президенттің сөзінше, украин әскерилері қазір Ресейдің ең жылдам дрондарының шамамен 70 пайызын атып түсіріп жатыр және бұл көрсеткіш артып келеді.

Зеленский Starlink спутниктік байланысы мен оның әскери нұсқасы Starshield Украинаның басып алынған аумақтарында әлі де шектеулі екенін растады. Бұл кімнің шешімі деген сұраққа ол: «Техникалық тұрғыдан – SpaceX, саяси тұрғыдан – білмеймін, шынымен білмеймін. Бұл… пинг-понг сияқты. Бір тараптан сұраймыз, олар бұл екінші тарап дейді», – деп жауап берді.

Қараша басында Абу-Дабиде өткен бейбіт келіссөздердің соңғы раунды айтарлықтай нәтиже бермеді. «Неғұрлым көп білген сайын, соғұрлым проблема көп», – деп сипаттады оны Зеленский. Оның айтуынша, келіссөздер желтоқсанда қайта басталуы тиіс, бірақ үстел басында еуропалықтар болатын-болмайтыны әзірге белгісіз.

Трамп 26 қарашада, бейсенбі күні Мар-а-Лагода журналистерге Путинмен жылы қарым-қатынасты әдейі таңдағанын түсіндірді. «Мен кіріп келіп: „Сіз маған ұнамайсыз“ деп айта алар едім. Сонда бізде Зеленский мен Путинмен болып отырған мәселе туындайды», – деді ол. Reuters хабарлауынша, ол бітімге жетудің басты кедергісі – «бір-бірін шын жек көретін екі көшбасшы» екенін айтты. Флоридадағы өзінің Doral гольф-клубында 14–15 желтоқсанда өтетін G20 саммиті туралы Трамп: «Білмеймін, бірақ егер келгісі келсе, әрине, келе алады. Кейбіреулерге бұл ұнамас еді», – деді. Кремль Путиннің саммитке қатысуы туралы шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді.

Сол күні Трамп Truth Social желісінде өткен аптада Қытайда Путинмен кездескенде Ресейден бүкіл Еуропадағы әскери агрессияны тоқтатуды сұрағанын жазып, Украина бойынша бейбіт келісім әбден мүмкін деп санайтынын айтты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз