Мазмұнға өту

Трамп: Иранға қарсы жеңіс «қолымызда», АҚШ тағы авианосец жіберді

АҚШ президенті әскери қимылдар қайта басталса, Натанз маңындағы жерасты нысанына соққы беретінін айтып қорқытты.

Дональд Трамп и Мелания Трамп по видеосвязи поздравляют военных с Днём благодарения в Мар-а-Лаго
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыстағы жеңіс жақын екенін және ол өзі шешкен кезде болатынын мәлімдеді. «Жеңіс қолымызда. Бұл қашан болса да, жалпы, мен қалаған кезде болады», – деді ол 26 қарашада, бейсенбі күні Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан Алғыс айту күніне орай американдық әскерилерге дәстүрлі бейнеқоңырау шалған кезде. Бұл туралы The Washington Times хабарлады.

Трамптың айтуынша, Вашингтон Иранға «келісім жасап, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға барлық мүмкіндікті» беріп отыр. «Бірақ олар мұны пайдаланатынына сенімді емеспін. Кейбіреулер: „Олар есінен адасқан ба?“ деп сұрайды. Мүмкін, солай шығар», – деді ол. Президент АҚШ Таяу Шығыстағы әскери күшін арттырып жатқанын да айтты: «Біз күшейіп келеміз. Ол жаққа қосымша авианосец жібердік. Толық қаруланғанбыз». Оның сөзінше, Тегеран «үлкен қателіктер» жіберіп отыр.

Қоңыраулардан кейін Трамп журналистерге жақында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлескенін айтып, соғыс қимылдары қайта басталса, Пикакс-Маунтинге (Pickaxe Mountain) – Натанздағы уран байыту кешенінің маңындағы жерасты нысанына соққы берілетінін мәлімдеді. «Біз Пикакс-Маунтинге міндетті түрде соққы берер едік. Бірақ онда ешқандай нақты белсенділік байқаған жоқпыз», – деді ол. МАГАТЭ бұл нысанды ешқашан тексермеген, оның ішінде не бар екені белгісіз.

Трамп сондай-ақ Иранға қарсы операцияға НАТО қатысып жатқанын айтты. «Өздеріңіз білетіндей, НАТО қазір бізбен бірге. Олар іс жүзінде Иранның әртүрлі бөліктерінде жүр және олар керемет болды», – деді ол, бұл не туралы екенін нақтыламай. Бір күн бұрын Трамп Мар-а-Лагода альянстың Бас хатшысы Марк Рюттемен кездескен еді: олардың бірлескен мәлімдемесінде Иранмен соғысты талқылағаны айтылды, бірақ мән-жайы келтірілмеді.

Трамп Иранға қарсы теңіз блокадасын «бұрын-соңды болған ең ұлы теңіз блокадасы» деп атап, американдық күштер Ормуз бұғазында Иран зымырандары мен дрондары сауда кемелеріне тимеуі үшін 150 зымыран атқанын айтты. Оның сөзінше, Иран армиясы талқандалған, бірақ Тегеранда Еуропаға дейін жететін зымырандар әлі бар. Президенттің айтуынша, басты мақсат өзгермейді: «Оларда ешқашан ядролық қару болмайды. Мұны сіздерге айта аламын».

Тегеран әзірге шарттарын өзгертпей отыр. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бейсенбі күні Катар мен Пәкістан делдалдары тараптар арасында ұсыныстарды жеткізіп жатқанын, бірақ Иранның Ормуз бұғазы жөніндегі талаптары сол күйінде қалғанын айтты. «Менің ойымша, жолдар ашылуы мүмкін», – деді ол. Иран ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөзге дейін блокаданың алынуын, активтердің бұғаттан шығарылуын және соғыс қимылдарының тоқтатылуын талап етеді, ал АҚШ Тегеранның басынан-ақ ядролық міндеттемелер алуын қалайды.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғысты 2026 жылғы 28 ақпанда бастаған. Сейсенбі күні New York Post басылымына берген сұхбатында Трамп әскери науқанды қаржыландыру шамамен қаңтардың соңына дейін жететінін айтты. Аймақтағы жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр: бейсенбі күні Кувейтте дрон шабуылынан екі италиялық қаза тапты – Кувейт пен Италия Иранды кінәлады, ал Тегеран бұған қатысы жоқ екенін айтады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз