Жер бетіндегі орташа температура алты күн қатарынан 1850–1900 жылдардағы өнеркәсіпке дейінгі деңгейден кемінде 2 °C жоғары болды. Бақылау тарихында мұндай жағдай алғаш рет тіркелді. Бұл туралы The Guardian Еуропалық одақтың Copernicus климат қызметінің алдын ала деректеріне сілтеме жасап хабарлады. Дүйсенбіде, 23 қарашада, көрсеткіш рекордтық 2,24 °C-қа жетті.
Алдыңғы рекорд бірнеше күнге ғана жетті: 20 қарашада температура өнеркәсіпке дейінгі деңгейден 2,12 °C жоғары болып, ол да тарихтағы ең жылы күн саналған еді. Болжам бойынша, бұл аномалия тағы бірнеше күн сақталады.
«Бұл – жаһандық температураның ерекше аномалиясы. Рекордтық көрсеткіштер бірнеше ай бойы сақталып келеді. Жекелеген күндер құбылып тұрады, бірақ мұндай деңгейдегі температура климаттың қаншалықты қызып кеткенін анық көрсетеді», – деді Copernicus қызметінің климат бағытының жетекшісі Саманта Берджесс The Guardian басылымына.
Copernicus мамандары басты себеп ретінде адам әрекетінен шығатын парниктік газдарды атайды. Оған Эль-Ниньо да қосымша жылу қосып отыр. Бұл – Тынық мұхиттың тропиктік бөлігіндегі табиғи жылыну құбылысы. Ол 2026 жылы басталды және болжам бойынша тарихтағы ең күшті құбылыстардың бірі болмақ: мамыр айынан бері Тынық мұхиттың орталық бөлігінде рекордтық температура сақталып тұр.
Ғалымдар 2 °C-тан асатын күндер әлі де болады деп күтеді, өйткені Эль-Ниньо шамамен бір айдан кейін шыңына жетеді. Американдық Climate Central зерттеу ұйымының ғалымы Зак Лейб мұндай күндер 2027 жылдың наурызына дейін болуы мүмкін екенін, бірақ сирек құбылыс болып қала беретінін айтты. Тынық мұхиттағы жылу бүкіл планетаға кешігіп жетеді, сондықтан Scientific American жазғандай, тарихтағы ең ыстық жыл 2027 жыл болуы мүмкін.
Бұл әлі Париж келісімі бұзылды деген сөз емес. 2015 жылы Қазақстанды қоса алғанда 200-ге жуық ел жаһандық жылынуды 2 °C-тан едәуір төмен ұстауға және 1,5 °C-пен шектеуге күш салуға уағдаласты, бірақ бұл шектер көп жылдық орташа көрсеткішпен есептеледі. Copernicus бағалауынша, қазір ұзақ мерзімді жылыну 1,44 °C құрайды. Қазан айында БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы алдағы жылдары 1,5 °C шегінен уақытша асып кетуге жол бермеу енді мүмкін емес екенін мойындады.
Рекорд БҰҰ-ның климат жөніндегі келіссөздерінің сәтсіз аяқталуымен тұспа-тұс келді: Анталиядағы COP31 конференциясы жексенбіде келісімсіз аяқталды. «Температура рекордтарды жаңартып жатыр. Климаттық апаттар күшейіп келеді. Шығарындылар әлі де тым жоғары», – деді саммиттен кейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш. Бұл – биылғы алғашқы рекорд емес: 2026 жылғы тамыз ең ыстық айдың рекордын қайталаған.



