Нью-Йорктегі Алғыс айту күніне арналған әйгілі Macy’s шеруі 100 жылда алғаш рет ауа райына байланысты шегерілді. Мерейтойлық, жүзінші шеру 26 қарашада, бейсенбіде, өтуі тиіс еді, енді ол 28 қарашада, сенбіде, жергілікті уақытпен 8:30-да (Астана уақытымен 18:30-да) басталады. Қалаға күшті дауыл жақындап келеді.
«Қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігі – біз үшін ең басты нәрсе. Қала билігімен және тиісті қызметтермен ақылдаса келе, күтілетін қолайсыз ауа райына байланысты мерекені ауыстыру туралы шешім қабылдадық», – делінген Macy’s мәлімдемесінде. Шеруге арналған алып үрмелі фигураларды сәрсенбіде үрлеп қойған, бірақ кейін қайта жиып алуға тура келді. Шеруді көрсететін NBC телеарнасы бейсенбіде 2025 жылғы шерудің жазбасын береді.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани желдің жылдамдығы сағатына 48–64 шақырымға, екпіні 97–105 шақырымға дейін жетуі мүмкін екенін, кенеттен су тасқыны болуы ықтимал екенін ескертті. «Жоспардың өзгеруі қолайсыздық тудыратынын түсінемін, бірақ қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек», – деді ол. Штат губернаторы Кэти Хокул Нью-Йорк қаласында, сондай-ақ Нассо, Саффолк және Уэстчестер округтерінде төтенше жағдай режимін енгізді.
Сақтықтың себебі бар. 1997 жылы қатты жел бірнеше шарды басқарудан шығарып жіберген: солардың бірі шам бағанына соғылып, сынықтары төрт көрерменді жарақаттаған. 1971 жылы жел салдарынан шарлар мүлде әуеге көтерілмеген. Бірақ 1924 жылдан бері өтіп келе жатқан шеру ауа райына байланысты бұрын-соңды шегерілмеген еді – ол тіпті COVID пандемиясы кезінде де өтті.
Дауыл АҚШ-тың шығыс жағалауын миллиондаған американдық мерекеге туыстарына баратын жылдың ең қарбалас кезеңдерінің бірінде басып отыр. DW мәліметінше, сәрсенбіде Нью-Йорктегі Кеннеди атындағы әуежайда тексеруден өту кезегі бір сағаттан асқан, ал Орта Батыста, Сент-Луис маңында 33 сантиметрге дейін қар жауады деп күтіледі.



