Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Satbayev University проректоры тергеуде: іс Бас прокуратурада

Ержан Күлдеевтің сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталғаны туралы журналист қыркүйекте-ақ жазған, бірақ ол кезде ҰҚК мен ІІМ оған қатысты іс жүргізбейтінін мәлімдеген.

Ержан Кульдеев, проректор Satbayev University
Фото: Instagram Ержана Кульдеева

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev University) проректоры Ержан Күлдеев тергеуде жүр. Мұны Ғылым және жоғары білім министрлігі растады. «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры мәселесі бойынша қазір құқық қорғау органдары тиісті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр», — деп жауап берді министрлік 26 қарашада Informburo.kz сауалына.

Істі қай ведомство жүргізіп жатқаны бір күн бұрын белгілі болды. «Бас прокуратура «Satbayev University» проректоры Ержан Күлдеевке қатысты сауалыңызды қарады. Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі «Satbayev University» лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаймын. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде», — деп жауап берді Бас прокуратура 25 қарашада Qumash.kz сауалына. Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, өзге мәліметті жария етпей отыр.

Күлдеевтің Алматыда сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша күдікпен ұсталғаны туралы қыркүйек айының соңында журналист Михаил Козачков жазған. Сол кезде ҰҚК «көрсетілген факт бойынша мәліметіміз жоқ» деп жауап берген. Кейін ҰҚК мен ІІМ Qumash.kz басылымына проректорға қатысты тергеу жүргізбейтінін және оны ұстамағанын хабарлаған.

Университет сайтындағы мәліметке қарағанда, Күлдеев жоғары оқу орнында жұмысын жалғастырып жүр: 2021 жылдан бері ол басқарма мүшесі — корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор. Оны қызметінен босату-босатпау туралы сұраққа министрлік жауап бермеді. Күлдеев Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мен Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін бітірген, 2025 жылы «Қазақстанның гидрогеологиялық карталарының атласы» жұмысы үшін ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.

Ғылым министрлігі Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеудің де жалғасып жатқанын растады. Шілде айында ҰҚК оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған, істің мән-жайын ведомство жария етпейді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз