«Манчестер Юнайтедтің» аңызы Эрик Кантона 1995 жылы «Кристал Пэлас» жанкүйеріне жасаған әйгілі кунг-фу соққысы үшін өкінбейтінін айтты. «Адамдар менен „О, өкінемін“ дегенді күтетінін білемін. Жоқ, мен өкінбеймін. Бір нәрсеге өкінсем, ол – оны басқа жерге тепкім келгені», – деді 60 жастағы француз The Guardian газетіне берген сұхбатында. Бұл – ол туралы «Кантона: Зұлымдық гүлі» деректі фильмінің шығуына орай берілген жалғыз жазбаша сұхбат.
1995 жылдың қаңтарында Кантона «Кристал Пэласпен» ойында алаңнан қуылып, киім ауыстыратын бөлмеге бара жатқанда қарсылас команданың жанкүйері оны балағаттады. Француз секіріп барып, оны аяғымен тепті. Сот футболшыны екі аптаға бас бостандығынан айырды, апелляциядан кейін жаза 120 сағат қоғамдық жұмысқа ауыстырылды, ал ойнауға сегіз айға тыйым салынды.
Фильмде Кантона өзі туралы: «Мен періштемін әрі жынмын. Ал періштені немесе жынды не жақсы көреді, не жек көреді», – дейді. Сосын: «Мен – зұлымдық гүлімін және мұны өте әдемі деп санаймын», – деп қосады. Кездесу алдында оның інісі Жоэль журналистке Эрик «Юнайтедтегі» дағдарыс туралы кез келген сұрақ қойылса – мейлі ол Маурисио Почеттиноның келуі болсын, мейлі Глейзерлер отбасының клубқа иелік етуі болсын – кетіп қалатынын ескерткен.

Кантона «Лидске» ауысар алдындағы ұмыт болған бір оқиғаны да еске алды: 1992 жылы ол «Шеффилд Уэнсдейде» сыннан өтіп, командасы 4:3 есебімен жеңген жолдас ойында үш гол соққан. Апта соңында оған сынақта тағы бір апта қалуды ұсынған. «Мен: „Жоқ. Мен кетемін“, – дедім», – деді француз. Оны Говард Уилкинсон шақырып, «Лидс» сол жылы чемпион атанды. 1992 жылдың қарашасында Кантона «Юнайтедке» небәрі 1 млн фунтқа (қазіргі бағаммен шамамен 602 млн теңге) ауысып, 1993 жылы клубқа 26 жылдан бергі алғашқы чемпиондық титулды жеңіп алуға көмектесті. «Мен Алекс Фергюсоннан мінсіз бапкерді таптым», – деді ол.
Кантона футболды 1997 жылы, 30 жасында, «Юнайтедпен» бес маусымда төрт рет чемпион атанып барып тастады. «Мен футболдан кеттім, өйткені ойынға деген құштарлығымды жоғалттым», – деп мойындады ол. Қазір француз Марсельде телехикаяға түсіп жүр және өткен айда 1991 жылдан бері алғаш рет «Марсельдің» стадионына – Еуропа лигасындағы «Олимпиакоспен» ойынға барды.
Сұхбаттан екі күн өткен соң Кантона Instagram-да әкесі Альбердің қайтыс болғанын хабарлады: «Менің әкем. Менің Құдайым. Менің ұстазым. Жатқан жерің жайлы болсын». Фильмде Фергюсонның Кантона мансабын аяқтағаннан кейін оған жазған алғыс хатын оқитын әсерлі көрінісі бар.
«Кантона: Зұлымдық гүлі» фильмінің ресми трейлерін Universal Documentaries YouTube-арнасы жариялады:



