26 қарашада, бейсенбі күні, Кувейттегі әскери нысанға жасалған дрон шабуылынан Италияның екі азаматы — Rheinmetall Italia компаниясының техниктері қаза тапты. Тағы екі зардап шеккен ауруханада жатыр. Кувейт билігі шабуылды Иран жасады деп отыр, ал Тегеран оған қатысы жоқ екенін айтты.
Кувейт Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскер ел әуе кеңістігінен бірнеше «дұшпандық» иран дронын анықтап, шабуылға тойтарыс берген. «Иран агрессиясы аса маңызды нысанға бағытталды, құлаған сынықтар төрт адамды жаралады», — делінген ведомствоның алғашқы мәлімдемесінде. Кейін министрлік жараланған екі италиялықтың көз жұмғанын растады.
Италия Сыртқы істер министрі Антонио Таяни Сенатта сөйлеген сөзінде қаза тапқандар неміс қорғаныс концерні Rheinmetall-дың итальяндық бөлімшесінде жұмыс істегенін айтты. Олар соққы тиген әуе қорғанысының бақылау станциясында болған. Reuters агенттігінің келтіруінше, министр: «Қатты жарылыстан кейін, Кувейттен келген мәліметке қарағанда, екі отандасымыз да қаза тапты. Тағы екі адам жараланды: Пәкістан азаматы мен Кувейт армиясының капитаны», — деді. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони отандастарының қазасын Еуропалық кеңестің отырысында естіп, олардың отбасыларына көңіл айтты.
Кувейт СІМ «Иранның жалғасып жатқан агрессиясын» айыптап, соққыны ел егемендігін, халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2817-қарарын бұзу деп атады. Шабуылды Сауд Арабиясының СІМ де айыптады. Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісінде: «Иранның көршілеріне және Парсы шығанағындағы серіктестерімізге жасап жатқан жол берілмейтін шабуылдарын тоқтату үшін оған қысымды күшейтуіміз керек», — деп жазды.
Иран айыптауларды жоққа шығарды. Euronews-тің хабарлауынша, ел қарулы күштерінің ресми өкілі бригадалық генерал Шекарчи Иран әскері аймақта ешқандай әскери операция жүргізбегенін айтып, АҚШ пен Израильді «жалған ту астындағы» арандатуларға барды деп айыптады.
Шабуыл әуе қатынасына да әсер етті. Euronews-тің мәліметінше, бейсенбі күні түстен кейін Ирак үстінен өтіп, Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен және Азиямен байланыстыратын әуе дәлізіндегі барлық рейс Кувейтті айналып, оңтүстікке бұрылды. Ақпанның соңында Иран төңірегінде соғыс басталғаннан бері Еуропадан Доха, Әбу-Даби мен Дубайға ұшатын рейстердің көбі дәл осы бағытпен — Түркия, Ирак, Кувейт, Бахрейн және БАӘ арқылы ұшады.
Reuters мәліметінше, бұл — қарашада Кувейтке жасалған екінші шабуыл. Өткен аптада ел әуе қорғанысы қыркүйектің басынан бері алғаш рет иран дрондарына тойтарыс берген. Бұдан бір күн бұрын АҚШ өз азаматтарына Иран мен йемендік хуситтер аймақтағы америкалық нысандарға шабуыл жасауы мүмкін екенін ескерткен.



