Қазақстан мен Ресей президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин 26 қарашада Мәскеуде жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер көрмесін аралады. Көрме AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында өтіп жатыр, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан көрмеде алты бағыттан тұратын демо-аймақ таныстырды: «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, көліктегі ЖИ және FinTech. Ресей тарапының экспозициясы білім беру, денсаулық сақтау, қала құрылысы, сот ісін жүргізу және мұнай саласындағы цифрлық технологияларға арналды. Екі елдің салалық ведомство басшылары президенттерге жасанды интеллект қолданылып жатқан басым жобалар туралы айтып берді.

Көрмеде көрсетілген бағыттардың бір бөлігі қазақстандықтарға қазірдің өзінде қызмет етіп тұр. Мәселен, Aitu ұлттық мессенджеріне eGov GPT сервисі енгізілген, онда 55 мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал болашақта eGov қызметтерінің 80 пайызына дейінгісін осында көшіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды PROFIT.kz.
Конференция алдында президенттер Кремльде кездесті. Тоқаев Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллектіге басымдық беріп отырғанын атап өтті. «Биыл Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының E-Government, яғни, электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға табан тіредік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың қызметін, әсіресе киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибесін қызығушылықпен зерделеп отыр. Мәскеуге онымен бірге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізіліп жатқан салалардағы бизнестің үлкен делегациясы келді. Путин Тоқаевты «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы деп атап, «Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында» әңгіме болатынын айтты.
Көрмеге барғаны туралы хабарламаны Ақорданың баспасөз қызметі Telegram-да жариялады:
AI Journey – жасанды интеллектіге арналған жыл сайынғы халықаралық конференция, ол 2016 жылдан бері өтіп келеді. Тоқаев бұл конференцияда 2020 жылы, форум онлайн форматта өткенде сөз сөйлеген. Бұған дейін airpress.kz Президенттің AI Journey үшін Мәскеуге барғанын жазған еді.



