Шығыс Қазақстан облысында 27 және 28 қарашада қатты жауын-шашын күтіледі, соның салдарынан таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өзен суы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті ескертті.
Су беткейлермен де ағуы мүмкін – мұны беткейлік ағын деп атайды. Құтқарушылар тұрғындардан арықтар мен бұлақ арналарын ластамауды сұрайды: қоқыс судың өтуіне кедергі келтіріп, кептеліс тудыруы мүмкін. Гидрологиялық жағдайды ТЖД хабарламалары арқылы қадағалап отыру ұсынылады.
Жалпы ауа райы да бұзылады. «Қазгидрометтің» ШҚО филиалының мәліметінше, 27 қарашада облыста жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады, ал солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарда жауын-шашын мезгіл-мезгіл қатты болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады: облыстың солтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында оның жылдамдығы секундына 15–20 метр, екпіні 23–28 метр, кей кезде 30 метр және одан да көп болады. Өскеменде жел екпіні секундына 15–20, кей кезде 23 метрге жетеді. 28 қарашада да жел басылмайды: облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде екпіні секундына 23–28 метр, солтүстігі мен шығысында кей кезде 30 метр және одан да көп болады.
ТЖД жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, ара қашықтықты ұлғайтуға және аса сақ болуға кеңес береді. Жаяу жүргіншілерге жолдан өткенде абай болу, мүмкіндігінше жарық шағылыстыратын белгілер тағу ұсынылады. Дауылды ескертулер тегін «Дармен» мобильді қосымшасына келеді, ал төтенше жағдай болса, 112 нөміріне хабарласу қажет.
27 қарашада Қазақстанның жеті облысында екпіні секундына 30 метрге жететін жел мен боран болжанып отыр – бұл туралы 27 қарашадағы ауа райы шолуында жаздық. Өңірде өзен суының көтерілуі туралы осындай ескерту осы айдың басында да, 10–13 қарашадағы жауын-шашын алдында жасалған еді.



