Алматыда 27 қарашада күтілетін жаңбырға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Көшелерді су баспауы және жиналған суды тез сору үшін қалада 85 жедел бригада кезекшілік етеді. Бұл туралы Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.
Басқарма келтірген «Қазгидромет» болжамы бойынша, жаңбыр 27 қарашада түнгі сағат 02:00 шамасында басталып, 19:00-ге дейін жауады. Осы уақытта 13–16 мм жауын-шашын түседі, жел екпіні секундына 13 метрге жетеді. Күн қатты суытпайды: түнде +3…+5 °C, күндіз +5…+7 °C болады. 27 қарашаға қалада дауылды ескерту жарияланды: мезгіл-мезгіл қатты жауын-шашын – жаңбыр мен қар – және тұман күтіледі, ал Медеу және Бостандық аудандарындағы Іле Алатауы тауларында қатты қар жауып, көктайғақ болады. 28 қарашаға қараған түні жауын-шашын жалғасады, күндіз ауа +6…+8 °C-қа дейін жылиды. Алматы мен Астанадағы 27–29 қарашаға арналған болжамды бөлек жариялағанбыз.
Бригадалар құрамында 1 579 жол жұмысшысы бар. Оларға 415 бірлік арнайы техника мен 97 мотопомпа бөлінді, 5 мың қап құм дайын тұр. Бұдан бөлек, 200 құрама жол машинасы әзірленді, оның ішінде 185 құм шашатын көлік және жол бетін тазалайтын 15 JetBroom машинасы бар. Қалыпты күндері Алматы көшелерінде 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 бірлік техника жұмыс істейді, ал ауа райы бұзылғанда кезекшілік тәулік бойы жүреді.
Әкімдік тұрғындар мен қала қонақтарына сапарын жоспарлағанда ауа райын ескеруге, жолда және тротуарда сақ болуға кеңес береді. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, ара қашықтықты сақтау және жаңбырда көріну нашарлайтынын есте ұстау ұсынылады.
Қатты жаңбыр қалаға осы айда да қиындық туғызған еді. 11 қарашада Алматыда айлық жауын-шашын нормасының 76 пайызы түсті: коммуналдық қызметтер сегіз жерден су басқан учаске тапты, «Алатау» метро бекетінің солтүстік жаяу жүргінші өткелін су басты, ал бірнеше ауданда асфальт отырып, көліктер мен автобустардың жүруі қиындады.



