Мысыр Бас прокуратурасы 26 қарашада, бейсенбі күні, Гизаның Эль-Варрак ауданындағы айналма жолда жанармай тасығыштың аударылып, өртенуіне себепші болған жеңіл көлік жүргізушісінің ұсталғанын хабарлады. 25 қарашада кешке болған өртте 31 адам қаза тауып, тағы 21 адам зардап шекті. Жауап алу кезінде ұсталған адам цистернаны қағып кеткенін мойындады.
Прокуратураның мәліметінше, ер адам әкесімен бірге айналма жолмен Эль-Марг ауданынан Эль-Харамға қарай сағатына 110 шақырым жылдамдықпен келе жатып, бір қатардан екінші қатарға ауысып, көліктерді басып озған. Ол көлігінің алдыңғы сол жағымен жанармай тасығыштың оң жақ артқы бұрышын қағып кетіп, рульді басқара алмай қалған, көлігі жолдың оң жақ шетіне қарай ығысқан. Дәл сол сәтте жанармай тасығыштың дөңгелегі жарылды: цистерна бетон қоршауға соғылып, аударылды, төгілген бензин тұтанып, өрт маңайдағы көліктерге тарады. «Күдіктіден жауап алып, оған тергеу нәтижелерін көрсеткеннен кейін… ол істегенін мойындады», — делінген ведомство мәлімдемесінде.
Ұсталған адамның аты-жөні аталмады. Жауап алу жалғасып жатыр: тергеушілер барлық мән-жайды және оның қылмыстық жауапкершілік дәрежесін анықтап, келтірілген шығынды есептеп жатыр. Тексеру деректері бойынша, өрт 30 көлікті — жеңіл автокөліктерді, шағын автобустарды, таксилер мен мотоциклдерді зақымдады, жанармай тасығыштың өзі толық жанып кетті. Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқандардың көбі бір шағын автобуста болған.

Өрттен кейін бірден Мысырдың мемлекеттік БАҚ-тары тергеуге жақын дереккөздерге сілтеме жасап, басқа себепті атаған еді: олардың хабарлауынша, жанармай тасығыштың алдына жоғары вольтты кабель құлап, жүк көлігінің жүргізушісі басқаруды жоғалтқан. Прокуратура мәлімдемесінде себеп ретінде жеңіл көліктің цистернамен соқтығысуы аталды.
26 қарашада таңертең Мысыр премьер-министрі Мостафа Мадбули «Шейх Зайед» ауруханасында жатқан жаралыларға барып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ол Әлеуметтік ынтымақтастық министріне және басқа да ведомстволарға зардап шеккендерге қамқорлық жасап, өтемақы төлеуді тапсырды. Сондай-ақ премьер-министр банктер мен бизнестен қаза тапқандардың отбасыларына қосымша көмек — табыс әкелетін жинақ сертификаттарын және өртенген көліктердің орнына жаңа көлік беруді сұрайтынын айтты. Министрлердің бірінің сөзінше, қаза тапқандардың отбасыларына қайырымдылық ретінде 10 млн мысыр фунты (шамамен 83,8 млн теңге) берілген. Қаржылық реттеу басқармасы міндетті автосақтандыру қорына қаза тапқандардың отбасылары мен жаралыларға төлемді жеделдетуді тапсырды, ал спорт министрі мемлекеттік мерекелік іс-шаралардың бәрін тоқтатты.
Айналма жол өрттен бірнеше сағат өткен соң ашылды, өртенген көліктер бульдозерлермен шығарылды. Оқиғаның қалай болғанын алғашқы материалда жазған едік. Бұл — Мысырдағы бір айдағы алғашқы ірі апат емес: 8 қарашада сол Гизада екі жолаушылар пойызы соқтығысты, ол кезде 7 адам қаза тауып, 112 адам зардап шекті.



