UPD: BilimClass пайдаланушылардың деректері сақталғанын, сыртқа тарау фактісі анықталмағанын, ал платформаға кіру 28 қараша сағат 00:00-ге дейін шектелгенін мәлімдеді — толығырақ
27 қарашада таңертең BilimClass электрондық күнделігінде ақау шықты. Кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіре алмай отыр, ал бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбейді. Платформа әкімшілігінің хабарлауынша, «техникалық инцидент» салдарынан кейбір пайдаланушылар қате хабарламалар мен хаттар алған.
Informburo жазуынша, қазақстандықтар әлеуметтік желілерде мектептің жабылғаны туралы SMS скриншоттарымен бөлісті. Кейбір ата-аналар үздік бағалар үшін кэшбек алу мақсатында қосымшаға банк карталарын байлаған, енді олар деректерінің қауіпсіздігіне алаңдап отыр. BilimClass әкімшілігі басылымға былай деп жауап берді: «Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алаңдаушылығыңызды түсінеміз және туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Пайдаланушылардың барлық деректері, соның ішінде байланған банк карталары толық қорғалған». Әкімшілік жағдайдың бақылауда екенін де айтты.
Ulysmedia.kz хабарлауынша, мұғалімдер журналға тоқсан бойы енгізген үй тапсырмалары жоғалып кеткеніне шағымданып жатыр. «Тек осы жетпей тұр еді. BilimClass-тағы ақаудан кейін барлық сыныптағы үй тапсырмаларым өшіп қалды. Бүкіл тоқсандағы! Әріптестер, сіздерде де солай ма? Бәрі қалпына келгенін күтеміз бе, әлде тоқсан басында не тапсырғанымызды еске түсіруге отырамыз ба?» — деп жазды Threads желісінде бір педагог. Пікірлерде әріптестері де осындай жағдайға тап болғанын айтты, ал кейбірінің екі тоқсандағы тапсырмалары бірден жоғалған. Екінші ауысымда оқитын оқушылардың ата-аналары таңертеңнен бері үйге не берілгенін біле алмады.
Платформаның жұмысы қалпына келгенше кейбір оқушы, ата-ана мен мұғалімнің қосымшасында бағалар, кесте және үй тапсырмалары ашылмауы мүмкін, ал ақау кезінде келген хабарламаларды компания қате деп атады. BilimClass жұмысты қашан қалпына келтіретінін айтқан жоқ. «Платформада уақытша ақаулар болуы мүмкін. Осыған байланысты кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіргенде қиындыққа тап болуы, сондай-ақ бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбеуі мүмкін. Платформаның толыққанды жұмысын барынша тез қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», — делінген BilimClass мәлімдемесінде.
BilimClass қағаз журналдар мен күнделіктердің орнына қолданылады: мұғалімдер онда баға қойып, сабаққа қатысуды белгілейді және үй тапсырмасын жазады, ал ата-аналар баласының үлгерімін бақылайды. 2026 жылдың басында Kundelik-пен болған сот дауынан кейін платформаға Алматы мектептері көшірілді. Үздік бағалар үшін берілетін кэшбектің шарттарын Freedom Bank 8 қазанда өзгертті: енді оны белсендіру үшін ата-ана немесе бала соңғы 30 күн ішінде кемінде 100 теңгелік сатып алу жасауы керек.



