Украинаның Донецк облысының солтүстігіндегі майдан маңындағы Славянск қаласында Ресей авиабомбасы соққан тұрғын үйден қаза тапқандар саны сегізге жетті. Өткен тәулікте құтқарушылар бес қабатты үйдің үйіндісі астынан тағы үш адамның денесін шығарды. Бұл туралы 27 қарашада қалалық әскери әкімшіліктің басшысы Вадим Лях хабарлады.
«Бұлар – 20 жастағы жігіт пен екі әйел. Біреуі 48-де, екіншісі 67 жаста еді», – деп жазды Лях.
Бір күн бұрын, 26 қарашада, қираған үйдің астынан 12 жастағы бала мен оның анасының денесі табылды. «Бұл – ана мен оның ұлы, ол енді ешқашан 13-ке толмайды», – деп жазған еді сонда қала әкімшілігінің басшысы. 25 қарашада үйінді астынан 1967 жылы туған ер адамның денесі табылған.
Ресей Славянскіге 22 қарашада, жексенбі күні түс ауа, Киев уақытымен сағат 15:00 шамасында (Астана уақытымен 18:00-де) соққы берді. Ресей әскері қаланың тұрғын ауданына УМПК жоспарлау және түзету модулі орнатылған жарты тонналық ФАБ-500 авиабомбасын тастады. Бұл модульді қарапайым бомбаға бекітеді, сонда ол ондаған шақырымға ұшып, нысанаға дәлірек тиеді. Донецк облысы прокуратурасының дерегінше, бомба көппәтерлі үйдің бір кіреберісіне тиген. Соққыдан бес қабатты үй қирап, айналадағы тағы тоғыз көпқабатты үй зақымданды.
Соққыдан кейін бірден екі адам – әйел мен 56 жастағы ер адам қаза тапқаны белгілі болды. Үш адам жараланды: 42 және 78 жастағы ер адамдар мен 62 жастағы әйел. Олар жарылыс жарақатын, контузия және көптеген жарақат алды. Қираған кіреберістің қалған тұрғындарын құтқарушылар бірнеше күн бойы үйінді астынан іздеді. Іздеу жұмыстарының аяқталғаны туралы билік әзірге хабарлаған жоқ.
Прокуратура әскери қылмыс – адамдардың өліміне әкелген соғыс заңдары мен әдет-ғұрыптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Соңғы күндері Славянскіге тасталған авиабомба бұл ғана емес: 25 қарашада ресейлік ФАБ-500 қала орталығында 77 жастағы ер адамды өлтірді. Славянск майдан шебіне жақын орналасқан, ал Ресей әскері оның тұрғын аудандарына басқарылатын авиабомбаларды үнемі тастап отырады.



