27 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 155 шабуылдаушы дронмен соққы берді. Қорғаныс күштері олардың 110-ын атып түсірді немесе басып тастады, бірақ 27 жерде соққы тигені тіркелді, деп хабарлады Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері. Бұл – Украинаның энергетикасы мен темір жолына жасалған кезекті лаңкестік шабуыл: таңертеңге қарай алты облыста тұтынушылар жарықсыз қалды, Кривой Рогта бір адам қаза тапты, Изюмде, Харьковта, Днепропетровск және Житомир облыстарында жаралылар бар.
Ресей өз елінде шығаратын ирандық «Шахед» шабуылдаушы дрондарын, олардың жеңілдетілген нұсқасы «Герберді» және әуе қорғанысын алаңдатуға арналған «Пародия» жалған дрондарын ұшырды. Шабуыл таңертең де жалғасты: Киев уақытымен сағат 08:00-де (Астана уақытымен 11:00-де) Украина аспанында әлі де ресейлік дрондар ұшып жүрді.
«Укрэнерго» дерегінше, таңертеңге қарай мына алты облыста жарық өшті:
- Днепропетровск;
- Запорожье;
- Кировоград;
- Сумы;
- Харьков;
- Херсон.
Ең ауыр жағдай Днепропетровск пен Херсон облыстарында: онда тұтынушылардың едәуір бөлігі электрсіз отыр, ал Днепропетровск облысында апаттық өшірулер жүріп жатыр. Кейбір өңірлерде күннің соңына дейін барлық тұтынушыға сағаттық өшіру кестесі, өнеркәсіпке қуатты шектеу кестесі енгізілді. «Қайталама атқылау мен үздіксіз әуе дабылы жұмысты қиындатады, сондықтан электрмен жабдықтауды қалпына келтіруге көбірек уақыт керек», – деді компанияда.

Украинаның оңтүстік-шығысындағы Днепропетровск облысы ең көп зардап шекті. Ресей дрондары облыстың бес ауданына 20 реттен астам шабуыл жасады, деп хабарлады облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Александр Ганжа. Владимир Зеленскийдің туған қаласы Кривой Рогта бір адам қаза тапты, көлік инфрақұрылымы мен қойма зақымданды. Никополь ауданында соққыдан кәсіпорын мен көппәтерлі үй зақымданып, 45 және 55 жастағы екі ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Харьков облысындағы Изюм қаласын Ресей әскері түнде көп зарядты атыс жүйесінен және дрондармен атқылады. Алты адам жараланды, бірнеше көпқабатты үй, жеке үйлер, әкімшілік ғимараттар мен көліктер зақымданып, қаланың әр ауданында өрт шықты, деп хабарлады қалалық әскери әкімшілік. Таңертең ресейлік дрондар Харьковтың өзіне де шабуыл жасады: бір дрон жанармай құю бекетіне тиіп, үш адам дәрігерлерге жүгінді. Киев уақытымен сағат 10:00 шамасында Украинаның солтүстігіндегі Чернигов қаласына үш дрон ұшып келді – екі адам жараланды, ер адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Киевтің батысындағы Житомир облысында Ресей энергетика мен логистика нысандарын, жеке үйлерді атқылады – екі әйел жараланды, Житомирде соққы толқынынан тоғыз қабатты үйдің терезелері сынды. Винница облысында энергетика мен темір жол нысандары, Кировоград облысында маңызды инфрақұрылым зақымданды, онда зардап шеккендер жоқ.
Бір күн бұрын Владимир Зеленский барлау дерегіне сүйеніп, Ресей жаңа жаппай соққыға дайындалып жатқанын, ол энергетиканы, логистиканы және қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды көздейтінін ескерткен еді.



