Мазмұнға өту

Зеленский: Ресей жаппай соққыға дайындалуда, Украина тұтқын алмасуды әзірлеп жатыр

Украина барлауының дерегінше, Ресей бұл жолы да энергетиканы, логистиканы және қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды көздеп отыр.

Президент Украины Владимир Зеленский во время вечернего видеообращения
Фото: Офис президента Украины

Украина президенті Владимир Зеленский 26 қарашадағы кешкі үндеуінде Ресейдің Украинаға жаңа жаппай соққы беруге дайындалып жатқанын ескертіп, тұрғындарды алдағы күндері зымыран қаупі туралы белгілерге мұқият болуға шақырды. Сол үндеуде ол Украинаның Ресеймен әскери тұтқындарды жаңадан алмасуға дайындалып жатқанын және алмасу ауқымды болады деп үміттенетінін айтты.

«Өкінішке қарай, ресейліктердің жаңа жаппай соққыға дайындалып жатқаны туралы ақпарат бар. Осы күндері зымыран қаупі туралы белгілерге назар аударыңыздар. Ал Ресейде мынаны білсін: біз өзімізге тиесілінің бәрін қалпына келтіреміз және Ресейдің әр соққысына жауап береміз», – деді Зеленский. Бұған дейін, күндіз әскерилер мен шенеуніктермен кеңестен кейін, ол Ресейдің шабуылға дайындықты аяқтап жатқанын мәлімдеген. Барлау деректері бойынша, бұл жолы да энергетика, логистика, қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандар нысанаға алынуы мүмкін.

Президенттің айтуынша, қазір электрмен жабдықтау жағынан ең ауыр жағдай Днепр қаласы мен облыстың Днепр ауданында, сондай-ақ Павлоградта – Ресей Украинаның шығысындағы бұл қалаларды дрондармен үнемі атқылайды. Одесса, Харьков облысы, Конотоп және жалпы Сумы облысында да жағдай қиын. Жөндеу бригадалары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, резервтік жабдық бар. Зеленский серіктестерден Patriot және NASAMS әуе қорғаныс жүйелеріне арналған зымыран-ұстағыштарды алуды басты міндет деп атады – жеткізілім жөніндегі келіссөздердің қорытындысы бойынша ол Украина СІМ-нен баяндама күтіп отыр. Бұған дейін Украина үш айға жуық АҚШ-тан Patriot зымырандарын ала алмай отырғанын айтқан.

Тұтқын алмасу жөнінде Зеленский былай деді: «Бұл соғыстың бірде-бір қырын ұмытпайтынымыз маңызды, біз адамдарымызды ресейлік тұтқыннан қайтару үшін жұмыс істеп жатырмыз: қазір келесі алмасу дайындалып жатыр. Бұл ауқымды алмасу болады деп үміттенеміз». Украина Ресей ұрлап әкеткен балаларды қайтару үшін де жаңа қадамдар әзірлеп жатыр: президенттің сөзінше, оларды қайтару жөніндегі халықаралық коалицияда қазір 54 ел бар. Жақында бұл коалицияға Мажарстан да қосылатынын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер соғыс кезіндегі ең ірі тұтқын алмасу Рождествоға дейін өтуі мүмкін екенін айтқан, ал Украина әр тарап мыңнан астам адамды босатады деп күткен.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз