Мазмұнға өту

«Керемет қақпашы»: Швецияда Анарбековты «Қайраттың» батыры атады

Швед журналисі шолудың қазақстандық қақпашыға арналған бөлімін «Алынбас Анарбеков» деп атады.

Вратарь «Кайрата» Темирлан Анарбеков в матче Лиги конференций с «Мьельбю»
Фото: Sports.kz

Швецияда «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековты алматылықтардың Конференциялар лигасы жалпы кезеңінің төртінші турында «Мьельбюді» жеңген (1:0) тарихи ойынының басты кейіпкері деп атады. Қазақстандық қақпашыны швед баспасөзі де, қарсылас команданың ойыншылары да, өз серіктестері де мақтап жатыр.

SvenskaFans порталының авторы Каспер Шёлин шолудың қақпашыға арналған бөлімін «Алынбас Анарбеков…» деп атады. «Қалай ойнады десеңізші!» — деп тамсанды журналист. Ол шведтердің жеңілуінің басты себебі ретінде алғашқы жарты сағаттағы енжар ойын мен Анарбековтың керемет өнерін атады: ерте соғылған голдан кейін «Қайрат» өз қақпашысының сенімділігіне арқа сүйей алды. «„Қайрат“ үш апта бойы футбол ойнамаған командаға ұқсамады. Ал біз ұқсадық», — деп мойындады Шёлин.

«Мьельбюдің» даниялық вингері Йеппе Кьер швед басылымы Blekinge Läns Tidning тілшісіне берген сұхбатында үй иелерінің қақпашысын ерекше атап өтті: «Оған лайықты бағасын беру керек. Керемет қақпашы. Бұл матчтан көп жақсы нәрсе алып шыға аламыз деп ойлаймын, бірақ, әрине, жасаған мүмкіндіктеріміздің ең болмағанда біреуін немесе бірнешеуін гол етуіміз керек еді».

Кездесудің үздік ойыншысы деп Анарбековты жалғыз голдың авторы, осы матчпен «Қайратпен» қоштасқан Еркін Тапалов та атады. «Ол, сөзсіз, матчтың үздік ойыншысы, менің голыма қарамастан, Темір әдеттегідей өзінің ең үздік қақпашы екенін дәлелдеді», — деді қорғаушы Vesti.kz тілшісімен сұхбатта.

Тапалов 14-минутта гол соқты, ал одан кейін алматылықтар есепті көбіне қақпашысының арқасында сақтап қалды. «Мьельбюді» жеңу «Қайрат» үшін еурокубоктардың негізгі кезеңдеріндегі тарихтағы алғашқы жеңіс болды. Бес ұпай жинаған команда жалпы кестеде 23-орынға көтеріліп, әзірге плей-офф аймағында тұр. Алматылықтар келесі ойынын 10 желтоқсанда үй алаңында румыниялық «Университатя Крайовамен» өткізеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз