Қазақстан құрамасының капитаны, Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп жаттығуларға неге жұмыс қолғабымен шығатынын айтты. Бұл кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетті, ал жас журналист Арина Пересыпкина Санкт-Петербург көшелерінде жанкүйерлер арасында сауалнама жүргізіп, кейін дәл осы сұрақты футболшының өзіне қойды.
Жүргіншілердің болжамы әртүрлі болып шықты. Біреулер қолғап аут лақтырғанда допты мықтап ұстау үшін керек деп шешті: «Меніңше, ол қорғаушы, ал аут лақтырғанда онда сондай бұдырлар бар, доп тайып кетпейді». Енді біреулер: «Ол құрылыспен айналысып кетті!» — деп әзілдеді. Үшіншілері Әліп қақпаға тұрғысы келген шығар немесе балалық шағын еске алған болар деп топшылады: «Солай ыңғайлырақ, балалық шақтан қалған бірдеңе шығар, естеліктер».
Әліптің өзі қысқа жауап берді: «Мені мұндай қолғапқа Мост әуестендірді. Жылы! Айтпақшы, бұл жұмыс қолғабы». Мост деп ол «Зениттегі» бұрынғы серіктесі Андрей Мостовойды айтып отыр.
Көшедегі сауалнама мен футболшының жауабы түсірілген бейнені Арина Пересыпкина Instagram-да жариялады.
26 жастағы Әліп «Зенитте» 2022 жылдан бері ойнап келеді және онымен бірге Ресейдің төрт дүркін чемпионы атанды. Қазақстан құрамасы сапында 58 матч өткізіп, оның 13-інде капитан белгісін тақты, ал Ұлттар лигасының осы циклінде ұлттық құрама үшін алғашқы голдарын Молдова мен Фарер аралдарының қақпасына соқты. Қазір құрама жаңа бас бапкер іздеп жатыр: үміткерлер тізіміне Бабаян мен Мазбаев енді.



