Мазмұнға өту

Мектеп дәретханасындағы камера: Атырауда 1400 баланың құқығы бұзылды

Облыстағы тағы екі білім беру ұйымында барлығы 2400-ден астам баланың дербес деректері шетелдік платформаға және сабаққа қатысуды есепке алу бағдарламасына енгізілген.

Камеры видеонаблюдения на столбе на городской улице
Фото: Berrely / Wikimedia Commons, CC BY-SA 2.0

Атырау қаласындағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камералары орнатылып, 1400-ден астам баланың құқығы бұзылған. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы хабарлады. Қадағалау органы бұл жағдайды сорақы деп атады: прокурорлардың бағалауынша, мұндай бақылау «бала үшін психологиялық және эмоционалдық салдар қаупін туғызады».

Мектептің атауы айтылмады. Осы және анықталған басқа да фактілер бойынша балалардың бұзылған құқықтары прокурорлық қадағалау актісімен қалпына келтіріліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылды. Нақты кім және қалай жазаланғаны көрсетілмеген.

Жалпы облыс прокуратуралары 4 мыңнан астам баланың конституциялық құқығын қорғады. Махамбет ауданындағы З. Ещанов атындағы балалар өнер мектебі 400-ден астам баланың дербес деректерін шетелдік цифрлық платформаға – кітапханаға орналастырған. Жылыой ауданындағы №6 мектепте 2000-нан астам оқушының деректері ата-ананың келісімінсіз сабаққа қатысуды есепке алатын бағдарламаға енгізілген.

Прокуратура Конституция әркімнің жеке құпияға және дербес деректерін қорғауға құқығына кепілдік беретінін еске салды. Бұл үшін ата-ана мен баланың өзге де заңды өкілдері ғана емес, білім беру ұйымдарының өзі де жауапты. Ведомствоның айтуынша, балалардың бұл құқықтарының сақталуы прокуратураның бақылауында қала береді.

Прокуратура тексеріс нәтижелерін 27 қарашада Бас прокуратураның Telegram-арнасында да жариялады:

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз