Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Олимпиада жүлдегері Иван Дычконың бапкері Владимир Шайрер дүниеден өтті

2012 жылы бапкер делегация құрамына енбесе де, шәкіртін қолдау үшін Лондондағы Олимпиадаға өзі жетті.

Заслуженный тренер Казахстана по боксу Владимир Шайрер

21 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген бокс жаттықтырушысы Владимир Шайрер 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды «Костанайские новости». КСРО спорт шебері әрі Рудный қаласының құрметті азаматы Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычконы тәрбиелеп өсірген.

Шайрер 1972 жылдан бастап олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті, ондаған жыл ішінде 45 спорт шеберін дайындады. Шәкірттерінің арасында бүкілодақтық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Олардың ең танымалы — рудныйлық Дычко оның жетекшілігімен халықаралық деңгейге шықты: 2012 және 2016 жылғы Олимпиадалардың қола медальдары, әлем чемпионаттарының жүлделері, Азия чемпионы және Азия ойындарының чемпионы атақтары.

2012 жылы боксшылардың жеке бапкерлері қаржы жетіспеуіне байланысты олимпиадалық делегация құрамына енгізілмеді. Соған қарамастан Шайрер Лондонға баруға мүмкіндік тауып, шәкіртінің қасында болды. Кейін Дычко бір сұхбатында ұстазын жылы лебізбен еске алып, оны әкесіне теңеді және жеңіске жету жолында бірге қаншама қиындықтан өткенін айтты.

Шайрер 1948 жылғы 16 қаңтарда туған, өзі де мықты боксшы болған: Қазақ КСР чемпионатында бірнеше рет жеңіске жетті, 1970 жылы КСРО кубогының финалына шығып, Универсиаданың қола медалін жеңіп алды. Ұзын бойлы, атлетикалық тұлғалы боксшы тез реакциясымен, жеңіл қимылымен және күшті соққысымен ерекшеленді.

2013 жылғы тамызда бапкерге Рудный қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Қала әкімі Виктор Ионенко туыстарына көңіл айтып, оның ісіне берілгендігін, кәсібилігін және спортты дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Соңғы жылдары Шайрер бокс пен шәкірттері туралы естеліктер жазып, кітап шығаруға мүмкіндік іздеген, бірақ үлгермеді. Оның ауыр науқасы туралы тамызда белгілі болған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз