ММА-дағы соққы техникасы бойынша белгілі бапкер Эдди Ча 53 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы 24 қарашада оның шәкірттері мен достары жазды, ал Fight Ready MMA залының өкілдері хабарды MMA Junkie басылымына растады. Қайтыс болу себебі айтылмады.
Ча Аризонадағы Fight Ready залында соққы бағытын басқарған. Ол әсіресе UFC-тің екі салмақ дәрежесінде белбеу иеленген Генри Сехудомен және «Корей зомбиі» атанған, жартылай жеңіл салмақтағы чемпион атағына үміткер болған Чон Чхан Сонмен жұмысы арқылы танылды. Оның қолынан UFC-тің басқа да чемпиондары — Чжан Вэйли, Дейвисон Фигейреду және Бенсон Хендерсон, сондай-ақ Маккензи Дерн, Келвин Гастелум, Трейси Кортес пен Амир Альбази өтті.
Бапкердің қазасы туралы алғашқылардың бірі болып Франсиско Ривера жазды — Ча UFC жекпе-жекшілерімен жұмысын дәл осы спортшыдан бастаған еді. Түрлі елдердің ММА қауымдастығы көңіл айтты.
Ча Кореяда туып, үш жасында отбасымен Калифорнияға көшкен. Жекпе-жек өнерімен төрт жасынан бастап шаолинь кунг-фуы бойынша жетінші даны бар әкесінің жетекшілігімен айналысты. Бірнеше жыл кәсіби покер ойнаған соң Буэна-Паркте All In MMA атты өз залын ашты. 2016 жылы бапкер Аризонаға көшіп, MMA Lab-та жұмыс істеді, кейін Fight Ready-ге ауысты.



