Мазмұнға өту
2026 жылғы 25 қараша, сәрсенбі

Google: Малайзия YouTube контенті үшін 146 млн доллар талап етеді

Реттеуші қаңтар мен қазан аралығында YouTube-қа 73 703 шағым жолдаған, олардың басым бөлігі онлайн құмар ойындарына қатысты.

Смартфон с открытым приложением YouTube
Фото: Unsplash

Малайзияның Коммуникация және мультимедиа комиссиясы (MCMC) Google-ға қарсы екі сот талабын беріп, жалпы сомасы 600 млн ринггит — шамамен 146 млн доллар немесе 66,9 млрд теңгеге жуық өтемақы талап етті. Реттеушінің пікірінше, компания YouTube-тағы зиянды контентпен күресе алмай отыр, деп хабарлады Reuters. Комиссия сот талаптары туралы 25 қарашада, сәрсенбіде мәлімдеді.

Бірінші талап құмар ойындарға, алаяқтық пен алдауға қатысты. 1 қаңтар мен 28 қазан аралығында MCMC YouTube-қа 73 703 шағым жолдаған, олардың көбі онлайн құмар ойындарына байланысты. Тағы 1468 өтініш 30 күннен астам уақыт жауапсыз қалған. Реттеушінің айтуынша, бұл сандар мәселенің ауқымын да, платформаның оған қаншалықты баяу жауап беретінін де көрсетеді.

Екінші талап елге белгілі блогердің бейнежазбаларына байланысты. Комиссияның пайымдауынша, YouTube ресми шағымнан кейін де оның жалған әрі абыройға нұқсан келтіретін видеоларын өшірмеген. Реттеуші әр іс бойынша 300 млн ринггиттен талап етіп отыр.

«Өндірілетін сома Google-дың жүйелі ақауынан пайда болған 50 мыңнан астам зиянды онлайн-контентпен жұмыс істеуге жұмсалған едәуір ресурс пен күшті өтеуге және әлеуметтік платформаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған», — делінген MCMC мәлімдемесінде. Google Reuters сауалына бірден жауап бермеген.

YouTube пайдаланушылары үшін бұл талаптар ештеңені өзгертпейді: реттеуші ақшалай өтемақы сұрап отыр, сервиске қолжетімділікті шектемейді. Сот шешімі әзірге жоқ.

Сот талаптары Google Малайзияға 2027–2028 жылдары 15 млрд доллар (шамамен 6,9 трлн теңге) салатынын жариялағаннан бірнеше апта өткен соң пайда болды. Бұл қаражат дата-орталықтарға, таза энергетикаға, су қауіпсіздігіне және мамандарды оқытуға бағытталмақ. Шамамен бір жыл бұрын ел ірі әлеуметтік желілерге, соның ішінде YouTube-қа, міндетті лицензия енгізген. Малайзия билігі мен техногиганттардың қарым-қатынасы бұрыннан күрделі: реттеуші бұған дейін де TikTok пен Facebook-ке билік зиянды деп санайтын контентті өшірмегені үшін талап қойған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз