25 қараша күні таңертең Ресей әскері Украинаның шығысындағы Харьков облысының Чугуев ауданында жолаушылары бар маршрутты автобусқа дронмен соққы берді. Жүргізуші қаза тапты, тағы жеті адам зардап шекті. Бұл туралы Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов Telegram-да және Харьков облыстық прокуратурасы хабарлады.
Соққы Киев уақытымен шамамен сағат 06:00-де (Астана уақытымен 09:00-де) маршрутка Старый Салтов кенті мен Федоровка ауылы арасындағы трассамен келе жатқанда тиді. Прокуратураның мәліметінше, ресейліктер автобусқа FPV-дронмен шабуыл жасаған. Бұл – операторы камера арқылы нақты уақытта басқаратын шағын камикадзе-дрон. Оператор зарядты неге бағыттап тұрғанын көреді, сондықтан алдында азаматтық көлік тұрғанын білмеуі мүмкін емес.
Облыстық әскери әкімшіліктің дерегінше, 64 жастағы ер адам мен 41 жастағы әйел жараланды, тағы бес жолаушы қатты күйзеліске түсті. Медиктер зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіп жатыр. Синегубов қаза тапқан адамның туған-туыстарына көңіл айтты.
Прокуратура адам өліміне әкеп соққан әскери қылмыс бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жолдағы рейстік автобусқа соққы беру – бейбіт тұрғындарға жасалған лаңкестік шабуыл. Азаматтық көліктерді дронмен көздеп аулау Харьков облысының майдан маңындағы аудандары үшін күнделікті жағдайға айналды.
Өткен тәулікте ресей әскері Харьков қаласы мен облыстың алты елді мекенін атқылады: маршрутка жолаушыларынан бөлек, Лозовая қаласында бес адам, Мерефада бір ер адам жараланды. Бұған дейін ресейлік дрондар Сумы қаласында көліктегі 76 жастағы ер адамды өлтірді және жолаушылар электр пойызы тұрған Коростень вокзалына соққы берді.



