BLACKPINK K-pop тобының мүшесі Лиса «Формула-1» Лас-Вегас Гран-приінің трассасында LEGO-дан құрастырылған Ferrari көлігін жүргізді, ал старт алдында команданың пилоттары Льюис Хэмилтон мен Шарль Леклерден ақыл-кеңес алды. LEGO болидтеріндегі алғашқы жұлдызды жарыс жергілікті уақытпен 21 қарашада, Астана уақытымен 22 қарашада таңертең өтті, оның қорытындысын LEGO компаниясы жариялады.
Гонщиктердің кеңесі әзілге толы болды: тежеу нүктелері мен траектория туралы айтудың орнына олар Лисаны газды аямай басуға үгіттеді. «Бірақ біреу газды мүлде босатпаса, біреу жолыңа тұрса — оны озуға жол берме», — деді оған Хэмилтон. Леклер: «Бұрылу керек, бірақ газды толық басып», — деп қосты. Бұл әңгіменің бейнежазбасын «Формула-1» әлеуметтік желілері жариялады.

Жарыс алдында Лиса Хэмилтон және Леклермен бірге пилоттар парадына шықты. LEGO жарысына 2026 жылғы маусымның әр командасынан бір-бірден 11 атақты адам қатысты: аспаз Гордон Рамзи, «Тед Лассо» сериалының жұлдыздары Ханна Уоддингем мен Брендан Хант, актер Терри Крюс, спорттық гимнастикадан олимпиада чемпионы Джордан Чайлз. Red Bull көлігін жүргізген австралиялық диджей Fisher жеңіске жетті, екінші болып Чайлз (Haas), үшінші болып Уоддингем (Audi) мәреге жетті.
Бұл көліктерді ойыншық деп айту қиын: әрқайсысы LEGO-ның 28 мыңнан астам бөлшегінен құралған және сағатына 25 км жылдамдыққа дейін жетеді. Оларды Чехияның Кладно қаласындағы LEGO зауытында 20 дизайнер, инженер мен құрастырушы 6400 сағат бойы жасаған.
Лиса — Таиландтан шыққан, әлемдегі ең танымал K-pop жұлдыздарының бірі әрі Ferrari-дің шынайы жанкүйері: оның осы маркадағы көліктерден тұтас коллекциясы бар. Жақында әнші «Формула-1»-дің Pretty Fast атты ресми киім топтамасына шығармашылық жетекшілік еткен алғашқы әртіс атанды, ал Лас-Вегаста қазір оның Caesars Palace-тағы Viva La Lisa атты алғашқы резиденциясы өтіп жатыр. 2024 жылы ол K-pop жұлдыздарының ішінде алғаш болып Майами Гран-приінің мәресінде шахмат жалауын желбіреткен. Лас-Вегастағы жарыстың жүлдегерлерін подиумға лимузинмен Киану Ривз апарды.



