Америкалық кантри әншісі Меган Морони Нэшвиллдегі 60-шы CMA Awards марапатында Тейлор Свифттің өзіне қалдырған жазбасын көрсетті. Морони Свифтке гүл жіберген, ал ол жауап ретінде өз постеріне бірнеше жолды қолмен жазып берген. Морони жазбаның суретін 21 қарашада Instagram-дағы рәсімнен түсірілген фотолар топтамасына қосып, «CMA Awards-та төбем көкке жетті!» деп қол қойды — бұл оның Cloud 9 альбомының атауына да сілтеме.
«Меган! Осы әдемі гүлдер үшін ҮЛКЕН рақмет! Бұл сенің тарапыңнан керемет қамқорлық болды, кешің тамаша өтеді деп үміттенемін! Саған да гүл жіберер едім, бірақ, амал не, менің гримеркамда тек мерч бар. Мұны әдемі гүл шоғы деп елестете салшы? Бәрін таң қалдыр!! Сүйіспеншілікпен, Тейлор», — делінген жазбада. Постердің бұрышында «2026» деп жазылған, ал гүл шоғы туралы сөзден жанкүйерлер Свифттің The Life of a Showgirl альбомындағы бір әнге сілтемені байқады. Соңғы кадрда Морони Свифттің осы альбом кезеңіндегі үш бірдей портреті басылған футболкамен түскен суретін қосты.

Екі әнші де 18 қарашадағы рәсімде өнер көрсетті. Свифт CMA Awards сахнасына 13 жылдан кейін алғаш оралды: ол «I Knew It, I Knew You» және «Our Song» әндерінің попуррийін орындап, Brooks & Dunn дуэтіне Уилли Нельсон атындағы музыкаға қосқан үлесі үшін берілетін марапатты табыстады. Морони «Beautiful Things» әнін айтты — бұл ән «Жыл әні» марапатына таласты, ал әншінің өзі үздік вокалист номинациясына ұсынылды. Сол кеште ең көп марапатты, соның ішінде басты атақ — «Жыл әртісін» Элла Лэнгли алды.
Меган Морони — кантри музыкасының жаңа буынындағы ең танымал жұлдыздардың бірі, «Tennessee Orange» хитінің авторы әрі 2024 жылғы CMA «Жылдың жаңа әртісі» марапатының иегері. Былтыр ол People журналына берген сұхбатында Свифтті мансабы өзін бәрінен көп шабыттандыратын әртіс деп атап, онымен танысу арман-тілектер тізіміндегі мақсаттарының бірі екенін айтқан.



