Қырғызстанда президент лауазымына үміткерлердің үшеуі кандидат ретінде тіркелуге қажетті ең аз мөлшерді — 30 мың қолтаңбаны жинады. Межеден үшінші болып кәсіпкер Аймен Қасенов өтті: қолтаңба жинаудың электрондық жүйесінің 16 қарашадағы деректері бойынша, оны 30 мың сайлаушы қолдады, деп хабарлайды 24.kg. Президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді. Қасенов 2007–2015 жылдары «Газпромнефть-Казахстан» компаниясын басқарған, ал 2021 жылы президент сайлауына түсіп, 1 пайызға жетпейтін дауыс алған.
Қолтаңба жинауды алғашқы болып қазіргі президент Садыр Жапаров пен қаржы полициясының бұрынғы басшысы Сыймық Жапыкеев аяқтады. Жапаровтың 60 мың қолтаңбасы бар — бұл ОСК-ға тапсыруға рұқсат етілген ең көп мөлшер, ал Жапыкеевте — 31 140. Kaktus.media келтірген жүйе деректеріне қарағанда, 15 қарашаның кешіне қарай қалған үміткерлер межеге әлі жеткен жоқ:
- Исхақ Масалиев — 26 089;
- Азамат Есенбеков — 15 263;
- Бақытбек Қалмаматов — 14 140;
- Клара Сооронкулова — 13 613;
- Ақай Қыдыров — 12 253;
- Бақытбек Адылов — 7 265;
- Айба Амур — 4 613;
- Мамбетжунус Абылов — 3 446.
Қолтаңба алғаш рет «Түндүк» мемлекеттік порталы арқылы электрондық түрде жиналып жатыр. Бір сайлаушы бірнеше үміткерді қатар қолдай алады, мұндай қолтаңба сайлаудағы дауыс болып саналмайды. Жинау 8 желтоқсанға дейін жалғасады, одан кейін ОСК қолтаңбалар мен құжаттарды тексереді, ал кандидаттарды тіркеу 23 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс. 30 мың қолтаңба үміткерді автоматты түрде кандидат етпейді: ол мемлекеттік тілді білетінін растап, 1 млн сом (шамамен 5,1 млн теңге) сайлау жарнасын енгізуі керек.
18 қарашада Қырғызстанда сайлау инфрақұрылымы жалпыреспубликалық деңгейде сынақтан өтеді. 2 492 учаскеде азаматтар сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, сынақ режимінде дауыс бере алады. Бұл сынақ дауыс берудің нәтижесі есепке алынбайды.
Барлығы президент сайлауына 11 үміткер өтініш берді. Сайлаушылардың алдын ала тізіміне 4 467 040 азамат енді, өз деректерін tizme.gov.kg порталынан тексеруге болады. Қазақстанда тұратын Қырғызстан азаматтары биометриялық тіркеуден өтсе, алдын ала өтінішсіз шетелдегі учаскелерде дауыс бере алады.



