Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Ақтөбедегі кафеде жарылыс: иесі 13 пәтерді жөндеуге төлейді

ТЖД мәліметінше, кафе тәуекел дәрежесі төмен нысандар қатарында болған және жарылысқа дейін бірде-бір рет тексерілмеген.

Спасатели работают у кафе, разрушенного взрывом на первом этаже жилого дома в Актобе
Фото: Almaty.tv

Ақтөбеде 13 қарашада жарылыс болған кафенің иесі зақымданған пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды қалпына келтіруге, сондай-ақ техникалық тексеру мен залалды бағалауға ақы төлейді. Бұл шешімді Ақтөбе облысының әкімдігі жариялады, деп хабарлайды Tengrinews. Кафе иесі бұған алдын ала келісімін берген.

Жарылыстан 13 пәтер мен төрт коммерциялық үй-жай зақымданды. Олардың қатарында стоматология, тігін ательесі, киім жалға беру пункті және жылжымайтын мүлік агенттігі бар. Ең көп зардапты тігін ательесі шекті: оны кірпіш басып қалған. «13 пәтердің иелері түрлі зақым туралы, соның ішінде терезелердің сынғаны туралы хабарлады», — делінген әкімдік хабарламасында. Мамандар техникалық қорытындыларды бір апта ішінде ұсынуы тиіс.

Төтенше жағдайлар департаменті кафе жарылысқа дейін тексерілмегенін айтты. Мекеме тәуекел дәрежесі төмен нысандар қатарында болған, сондықтан жоспарлы тексеріске жатпаған. «Жоспардан тыс тексерулер тек негіз болған жағдайда ғана жүргізіледі», — деп түсіндірді ТЖД, Кәсіпкерлік кодекске сілтеме жасап. Ведомство мәліметінше, газбен жабдықтау жүйелерін қадағалау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Жарылыстың себебі анықталып жатыр, сараптамалар тағайындалды. Алдын ала нұсқа бойынша, газ бен ауа қоспасы тұтанған.

Оқиғадан екі адам зардап шекті — 36 жастағы әйел мен 19 жастағы жігіт. Жігіт қалалық көпбейінді №1 аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Жарылыс болған күні дәрігерлер екеуінің де жағдайы тұрақты екенін, өміріне қауіп жоқ екенін айтқан. Оқиғадан кейін үйдегі газ уақытша өшірілді, сол күні кешке газ беру қалпына келтірілді.

Жарылыс 13 қарашада сағат 10:28 шамасында Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде болды. Кафенің көше жақтағы жапсаржайы құлап, өрт шықты, жарылыс толқынынан үйдің терезелері сынды. Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Данабек Имангазиннің айтуынша, үй-жайда газ баллоны болмаған — кафе магистральдық газға қосылған. Полиция ҚК-нің 292-бабының 2-бөлігі бойынша — ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жарылыс болған күні оқиға орнына барып, тұрғындарға көмек көрсетілетінін айтты. Бейнені қала әкімдігі жариялады:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

«Әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», — деді әкім. Оның айтуынша, оқиғаның себебін, мән-жайын және кінәлілерді ТЖД мен құқық қорғау органдары анықтайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз