Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жариялады. Мемлекет басшысының пікірінше, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісі бойынша фигуранттарды ұстау кезінде күштік құрылымдар қателік жіберген. Бұл туралы 16 қарашада Астана уақытымен сағат 15:36-да Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр Telegram-дағы парақшасында жазды.
Тоқаев ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты отставкаға жіберерде де осы істі ескерген. Ресми түрде ол басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Смадиярдың айтуынша, шешім арнайы қызметті реформалау үшін басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып қабылданды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген», – делінген хабарламада.
Ақорда істің өзіне күмән келтірмейді. «Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады», – деп жазды Смадияр. Ол сондай-ақ: «Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді», – деп атап өтті.
Сол күні Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс жиынын өткізді. Ол қызметтік тәртіпті нығайтуды және «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай полицейлердің кәсіби даярлығын арттыруды тапсырды. Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмысын күшейту керек екені айтылды.
Президенттің баспасөз хатшысының Telegram-дағы хабарламасы:
ҰҚК басшылығын ауыстыру туралы жарлықтар 16 қарашада таңертең шықты: комитетті 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған Сағымбаевтың орнына оның орынбасары Марат Ирменов келді. Сол күні Тоқаев ҰҚК-ны реформалауды тапсырды, бірақ ресми хабарламаларда отставканың себебі айтылмаған еді. «Самұрық-Қазына» басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыповтың және ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын ҰҚК 12 қарашада хабарлады, ал келесі күні Президент олардың ұсталуын жемқорлықтың ауқымы туралы белгі деп атады. Сот шешім шығарғанға дейін ұсталғандар күдікті саналады.



