Астанадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы сабаққа пышақ алып келіп, сыныптастарына шабуыл жасады. Екі оқушы қызға медициналық көмек көрсетілді, олардың өміріне қауіп жоқ, деп хабарлады Астана қаласы полиция департаменті.
«Зардап шеккен екі оқушы қызға медициналық көмек көрсетілді. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», — деді полицияда.
Оқушы профилактикалық есепке алынып, психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылды. Оның заңды өкілдері бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция оқиғаға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ұсыныс жіберді. Сонымен қатар мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет компаниясының әрекеті де тексеріледі. Тергеу жалғасып жатыр.
Полиция мектептің нөмірін, ауданын және шабуыл болған күнді атамады. Оқиға туралы алғаш оқушылардың ата-аналары жазған. Олардың бірінің айтуынша, оқушы бір сыныптасына шабуыл жасаған, ал оның ұлы зардап шекпеген. Полиция екі адам зардап шекті дейді.



