Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

«Грэмми-2027» номинациялары: Рэй 11 номинациямен көш бастады

Марапаттау рәсімі 2027 жылғы 7 ақпанда Лос-Анджелесте өтеді, оны 1972 жылдан бері алғаш рет ABC телеарнасы көрсетеді.

Певицы Рэй, Росалия, Элла Лэнгли и Оливия Родриго — лидеры номинаций на «Грэмми» 2027 года
Фото: AP

Британдық әнші Рэй 69-шы «Грэмми» сыйлығының номинациялары бойынша көш бастады: ол 11 номинацияға ұсынылды. Үміткерлер тізімін АҚШ Дыбыс жазу академиясы 16 қарашада жариялады. Рэй бір жылда әйел орындаушы алған номинациялар саны бойынша Бейонсенің рекордын қайталап, алғаш рет үш басты санаттың бәріне — «Жыл альбомы», «Жыл жазбасы» және «Жыл әні» номинацияларына бірден ілікті.

Екінші орында тоғыз номинациясы бар Росалия тұр — бірнеше күн бұрын ол Lux альбомы үшін Latin Grammy-дің бас жүлдесін алған еді. Миранда Ламберт, Оливия Родриго, Фиби Бриджерс пен Элла Лэнгли жеті номинациядан, Бруно Марс, Леон Томас және былтыр үздік жаңа әртіс атанған Оливия Дин алты номинациядан иеленді.

«Жыл альбомы» үшін сегіз пластинка таласады, оның жетеуін әйелдер жазған:

  • Рэй — This Music May Contain Hope;
  • Росалия — Lux;
  • Фиби Бриджерс — Lost Weekend;
  • Оливия Дин — The Art of Loving;
  • Элла Лэнгли — Dandelion;
  • Бруно Марс — The Romantic;
  • Оливия Родриго — You Seem Pretty Sad for a Girl So in Love;
  • Тейлор Свифт — The Life of a Showgirl.

Свифт үшін бұл басты санатқа қатарынан ұсынылған бесінші студиялық альбом — бұған дейін мұндай жетістікке тек Кендрик Ламар жеткен.

«Жыл жазбасы» номинациясына Оливия Диннің Man I Need, Элла Лэнглидің Choosin’ Texas, Бруно Марстың I Just Might, Рэйдің Where Is My Husband!, Оливия Родригоның The Cure әндері, Росалияның Бьорк және Ив Тумормен бірге орындаған Berghain әні, Тейлор Свифттің The Fate of Ophelia әні және Tame Impala тобы мен Дженнидің Dracula әні ұсынылды. «Жыл әні» номинациясында Дин, Лэнгли, Рэй, Родриго мен Росалияның сол әндерімен қатар Ариана Грандының Hate That I Made You Love Me, Бруно Марстың Risk It All әндері және Тейлор Свифттің «Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильміне жазған I Knew It, I Knew You әні бар.

K-pop жанкүйерлері үшін басты жаңалық — BLACKPINK әншісі Дженнидің номинациясы: Dracula әнімен ол «Жыл жазбасы» санатына ұсынылған екінші K-pop орындаушысы атанды, бұған дейін APT. әні үшін оның топтағы әріптесі Розэ ұсынылған еді. Бұл ән «Дуэт немесе топ орындаған үздік поп-ән» номинациясында да бақ сынайды. Жаңа «Үздік азиялық поп-орындау» санатына IVE тобы Bang Bang әнімен, KiiiKiii тобы 404 (New Era) әнімен, филиппиндік BINI және SB19 топтары, жапон әншісі LiSA, сондай-ақ BABYMETAL мен Polyphia ұсынылды. BTS пен Stray Kids биыл өз музыкасын сыйлыққа ұсынбады.

Үздік жаңа әртіс атағы үшін Элла Лэнгли, Angine de Poitrine, Geese, Slayyyter, Сиенна Спиро, Дон Толивер, Реми Вулф және The Womack Sisters таласады. Тинаше, Меган Моруни және The Velvet Underground тобынан шыққан 84 жастағы Джон Кейл да алғаш рет номинацияға ілікті.

Бейонсе Morning Dew (Donk) әні үшін мансабындағы жүзінші номинациясын алып, сыйлық тарихындағы ең көп номинацияға ұсынылған әртіс болып қала береді. «Үздік рок-альбом» үшін The Rolling Stones, Muse, Джек Уайт, Angine de Poitrine және сол күні Еуропаға тур жариялаған Foo Fighters таласады.

Соңғы дауыс беру 10 желтоқсаннан 7 қаңтарға дейін өтеді. Марапаттау рәсімі 2027 жылғы 7 ақпанда Лос-Анджелестегі Crypto.com аренасында өтеді, оны ABC телеарнасы мен Disney+ және Hulu стримингтері көрсетеді. «Биылғы номинацияларға ілінген барлық ғажайып музыка жасаушыларды құттықтау — мен үшін үлкен мәртебе», — деді Дыбыс жазу академиясының басшысы Харви Мейсон кіші.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз