Украина 16 қарашаға, дүйсенбіге қараған түні Ресей 2014 жылы аннексиялаған түбекті Ресейдің құрлығымен байланыстыратын Қырым көпіріне шабуыл жасады. Соққыны Мәскеу тағайындаған Қырым басшысы Сергей Аксёнов растады: «Жау Қырым көпіріне соққы берді. Осыған байланысты көлік қозғалысы шамамен түске дейін шектеледі». Bloomberg хабарлауынша, шабуыл Ресей Қорғаныс министрлігі украин дрондарының саны бойынша рекордты деп атаған түнге тұспа-тұс келді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, түні бойы әуе шабуылына қарсы қорғаныс ел аумағындағы 17 өңірдің, Қырымның, Қара және Азов теңіздерінің үстінде ұшақ үлгісіндегі 1336 украин дронын ұстап, жойған. Бұл 2022 жылы толық ауқымды соғыс басталғаннан бергі ең көп көрсеткіш. Бұл деректерді тәуелсіз тексеру мүмкін емес. Мәскеу мэрі Сергей Собянин астана өңіріне қарай 600 дрон ұшқанын хабарлады: оның 191-і Мәскеуге жақындағанда, қалғаны алыс шептерде атып түсірілген. Жарияланым сәтінде украин тарапы көпірге берілген соққы туралы ресми пікір білдірмеген.
Көпірдің ресми телеграм-арнасының мәліметінше, көпірдегі қозғалыс Мәскеу уақытымен шамамен 02:00-де (Астана уақытымен 04:00-де) жабылған. Украинаның «Қырым желі» мониторинг арнасы куәгерлерге сілтеме жасап, соққы Мәскеу уақытымен таңғы 6-ға таман (Астана уақытымен 8:00-де) тигенін жазды. Ресей Көлік министрлігі жолаушылар пойыздары қалыпты режимде жүріп жатқанын хабарлады, алайда «Гранд Сервис Экспресс» тасымалдаушысының дерегінше, Мәскеуден, Санкт-Петербургтен және Адлерден шыққан төрт пойыз екі сағаттан төрт жарым сағатқа дейін кешіккен. Кремль көпірге келген зардап әлі бағаланып жатқанын мәлімдеді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков зақымды болмашы деп атады. «Дегенмен ешбір жүйе мұндай жаппай соққылардан жүз пайыз қорғай алмайды», — деп қосты ол.
Басқа өңірлер де зардап шекті. The Moscow Times жазуынша, Брянск облысында дрон көлігіне жарылғыш зат тастап, 59 жастағы ер адам қаза тапты. Краснодар өлкесінде кемінде алты адам жараланды, олардың екеуі кәмелетке толмаған, дрон сынықтары 19 мекенжайға құлады. Ростов облысының Азов қаласында төрт өнеркәсіп нысаны өртенді, олардың кемінде екеуі мұнай базаларының жанында орналасқан.
Бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский украин соққылары Ресей МӨЗ қуаттарының 55%-дан астамын істен шығарғанын мәлімдеді. Киев мұндай шабуылдарды Ресейдің украин қалалары мен энергетикасына жасаған соққыларына жауап деп атайды. Ұзындығы шамамен 19 шақырым болатын Қырым көпірі — Еуропадағы ең ұзын көпір. Оған бұған дейін де бірнеше рет шабуыл жасалған: 2022 жылғы қазанда көпірде жүк көлігі жарылды, 2023 жылғы шілдеде оған теңіз дрондары соққы берді, ал 2025 жылғы маусымда ҰҚҚ (СБУ) оның тіректерінің астында жарылғыш зат жарды.



