Алматының «Қайрат» клубы португалиялық қорғаушы Луиш Матамен келісімшартты ресми түрде ұзартты: жаңа келісім 2028 жылдың соңына дейін жасалды. Бұл туралы 16 қарашада клубтың өзі хабарлады. 29 жастағы футболшының бұрынғы келісімшарты 2026 жылдың соңына дейін жарамды еді.
Клубтың есебінше, Мата Алматыдағы екі маусымда 79 ресми матч өткізіп, үш гол соққан және тоғыз нәтижелі пас берген. Биылғы маусымда ол команданың 44 ресми ойынының тек біреуін ғана өткізіп алды, ал келген сәттен бері «Қайраттың» барлық ресми кездесулерінің 92%-ына қатысты. Бұл — осы кезеңде командадағы футболшылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жаңа келісімшарт туралы хабарламаны «Қайрат» Instagram-дағы парақшасында жариялады:
Сол күні ертерек қорғаушы жанкүйерлерге арнаған бейнеүндеуінде 2027 жылы да «Қайратта» қалатынын айтқан, бірақ ол кезде келісімнің шарттары аталмаған еді. Мата алматылық клубқа 2025 жылдың наурызында поляк «Заглембеден» келді. Сол жылы ол командамен бірге Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде ойнады. «Қайрат» бұл кезеңге тарихында алғаш рет шықты.
2026 жылғы Премьер-лигада алматылықтар екінші орын алып, чемпион атағын шымкенттік «Ордабасыға» жіберіп алды. Қазір команда Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде ойнап жүр, қараша басында Бергамода «Аталантадан» ұпай жұлып алды.



