Астанада жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың қорытындысы шығарылды: елдің барлық өңірінен келген 188 финалистің 47-сі жеңімпаз әрі жүлдегер атанды. Тоғыз оқушы алтын, 14 оқушы күміс, 24 оқушы қола медаль алды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Медаль оқуға түсу кезінде айтарлықтай артықшылық береді: жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгіленген тәртіппен Қазақстан жоғары оқу орындарына білім беру грантын алу конкурсында басым құқыққа ие болады.
Олимпиаданың ерекшелігі — қатысушылар бірден төрт пәннен: математика, физика, химия және биологиядан білімін көрсетеді. Биыл бірінші кезеңге 3 690 оқушы қатысып, іріктеу қорытындысымен ең үздік 188-і финалға шықты. Жеңімпаздарды Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец марапаттады.
Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытта қорытынды кезеңге 2 934 оқушы қатысып, барлығы 726 медаль жеңіп алған. Өткен жылы XVIII Президенттік олимпиаданың финалына 11–12-сынып оқушыларының 201-і шыққан еді.



