Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Тоғыз айда Қазақстанда 1048 дәрі-дәрмек тіркелді

Сараптама, тіркеу және бағаны реттеу бір қызметке біріктірілгендіктен, тіркеу куәлігі енді екі жылдың орнына 15 жұмыс күнінде беріледі.

Лекарственные препараты
Фото: Unsplash

2026 жылдың тоғыз айында Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік препараттарға 1 048 тіркеу куәлігін берді. Бұл өткен жылғы жалпы көрсеткіштен де көп, деп хабарлады министрлік.

Көрсеткіштің өсуі тіркеудің жаңа тәртібіне байланысты. Биылдан бастап сараптама, тіркеу және бағаны реттеу «бір терезе» қағидаты бойынша бір композиттік қызметке біріктірілді. Куәлік енді 15 жұмыс күнінде беріледі, бұрын бұл рәсім екі жылға дейін созылатын. Реттеу жүйесі мықты елдерден келетін препараттар үшін жеделдетілген тәртіп қолданылады: осылайша 16 дәрі мен медициналық бұйым тіркелген.

Министрліктің дерегінше, тіркелген дәрі саны бойынша Қазақстан Армениядан 82%, Беларусьтен 77%, Қырғызстаннан 15,5% озып тұр.

Мерзімді одан әрі қысқарту үшін сараптамаға жасанды интеллект енгізіліп жатыр, ол тіркеу дерекнамаларын талдауды бір ізге түсіреді. Келесі кезекте препараттарды Бірыңғай дистрибьютор мен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбелеріне енгізу цифрландырылады. Бұл жұмысты 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау көзделген.

Дәріге қолжетімділік салада өзекті күйінде қалып отыр. Бұған дейін шетелдік фармкомпаниялар Үкімет басшысына ұсыныстарын айтып, фармацевтикадағы инвестициялық ахуалды жақсартуды сұраған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз