FIA мен қозғалтқыш өндірушілер 16 қарашада, дүйсенбіде «Формула-1» жарысын V8 қозғалтқыштарына көшіру туралы ресми ұсынысты талқылайды. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасап The Race хабарлады. Кездесудің басты мәселесі — мерзім. Күш қондырғыларына қатысты қазіргі регламент 2030 жылдың соңына дейін күшінде, сондықтан мерзімінен бұрын шешім қабылданбаса, V8 тек 2031 жылы пайда болар еді. FIA президенті Мохаммед бен Сулайем жаңа қозғалтқыштар трассаға 2030 жылы-ақ шығатындай өзгерістерді бекіткісі келеді.
Басылымның мәліметінше, жаңа қозғалтқыш — қазіргі 1,6 литрлік V6-ға екі цилиндр қосқанда шығатын 2,1 литрлік V8. Турбина кішірейіп, үрлеу қысымы төмендейді. Электр бөлігі қысқарады: мотор-генератор қазіргі 350 кВт-тың орнына 200 кВт береді, оның тек 100 кВт-ы үнемі қолжетімді болады. Тағы 100 кВт-ты пилоттар push-to-pass батырмасы сияқты басып озу үшін пайдалана алады.
The Race жазуынша, қазіргі автоөндірушілер ережені өзгертуге негізінен келіседі. Қарсылық басқа идеяға байланысты туып отыр: ол — өндіруші командалар өздеріне қарай жетілдіре алатын, сырттан жеткізілетін стандартты базалық қозғалтқыш. Бен Сулайем жеңілдетуге бет бұруды үнеммен түсіндіреді: «Қарапайым етсең, екі есе арзан жасауға болады».
Қозғалтқыштармен бірге FIA көліктерді 80 кг-ға жеңілдеткісі келеді. Федерацияның формулалық сериялар жөніндегі директоры Николас Томбазис болидтің салмағын 700 кг-нан төмен түсіруді мақсат етіп отырғанын айтқан. Турбинаның арқасында V8 қозғалтқыштары жанармай құюды қайта енгізбей-ақ жұмыс істейді. «Жалпы біз жанармай құюға қайта оралуға ұмтылмаймыз және командалардың да оған қайта оралуға ұмтылмайтынын білеміз», — деген Томбазис.



