Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Бұл туралы 16 қарашада Алматы қаласы полиция департаменті хабарлады.
«Осы дерек бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды», — делінген полиция хабарламасында. Онда тергеудің толық әрі объективті жүруі үшін бірқатар тергеу шаралары жүргізіліп жатқаны айтылған. Студенттің қалай қаза тапқанын, кімнің ұсталғанын және іс қай бап бойынша тергеліп жатқанын полиция нақтыламады.
Бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы 16 қарашада таңертең алдымен әлеуметтік желілерде жазылды. Кейін мұны ҚазҰУ баспасөз қызметі растады. Университет басшылығы марқұмның туыстарына көңіл айтып, отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатқанын, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жоғары оқу орны расталмаған ақпаратты таратпауды сұрады.
Бұл — қараша айында ҚазҰУ студентінің екінші рет қаза табуы. 6 қарашада университеттің студенттер қалашығының аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқан. Ол кезде де Алматы полициясы қылмыстық іс қозғаған, бірақ тергеу құпиясына сілтеме жасап, оның өлім себебін жария етпеген.



