Опцион нарығындағы трейдерлер биткоин 60 мың долларға дейін арзандауы мүмкін деп дайындалып жатыр. Bloomberg хабарлауынша, Deribit криптобиржасында ашық позициялардың ең көбі қазір орындалу бағасы 60 мың доллар болатын пут опциондарына тиесілі: олардың шартты құны шамамен 900 млн долларға жетті. Пут – активті алдын ала келісілген бағамен сату құқығы. Мұндай келісімшарттарды баға одан әрі түседі деп күткенде сақтандыру ретінде сатып алады.
Құлдырауға тігілген бәс бұрынғы көшбасшыны – биткоиннің 100 мың долларға дейін өсуіне арналған колл опциондарын басып озды. Олар бойынша ашық позициялар шамамен 867 млн долларға дейін қысқарды. Paradigm компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша басшысы Николя Катравоның (Nicolas Quatravaux) айтуынша, өсуге тігілген бәстің азаюы трейдерлердің ескі позицияларын жай ғана жауып жатқанын білдіруі мүмкін. Биткоиннің алдағы 30 күндегі күтілетін құбылмалылығы – BVIV индексі жексенбіде 57,13 ұпайға дейін көтеріліп, маусымнан бергі ең жоғары деңгейге жетті, кейін 44-ке дейін төмендеді.
Нарықтағы көңіл-күй соңғы апталардағы ең түнек деңгейде. Криптоинвесторлардың көңіл-күйін 0-ден 100-ге дейінгі шәкілмен бағалайтын қорқыныш пен ашкөздік индексі жексенбіде 10 ұпайға дейін түсті – бұл «қатты қорқыныш» аймағы. Жұма күні ол 20 ұпай болған. 13 қарашаға дейінгі аптада биткоинге арналған америкалық биржалық қорлардан шамамен 1,07 млрд доллар (шамамен 475 млрд теңге) шықты, оның алдындағы аптада 1,28 млрд доллар кеткен. Осындай қорлардың ең ірісі – BlackRock компаниясының IBIT қорынан ақша 11 сауда күні қатарынан шығарылып жатыр.
Биткоиннің өзі жексенбіде, 15 қарашада, CoinGecko деректері бойынша 62 080,91 долларға дейін түсіп, соңғы төрт айдағы ең төменгі деңгейге жетті. Кейін бағам 65 мың доллардан жоғары көтерілгенімен, дүйсенбіде қайта төмендеді: Астана уақытымен сағат 14:35-те биткоин шамамен 64 280 доллар тұрды, бұл бір тәулік бұрынғыдан 1,6% арзан. Ethereum осы уақытта 2,2%-ға арзандап, шамамен 1 796 долларға түсті.
Криптовалютаға ең алдымен АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің мөлшерлемесіне қатысты күтулер қысым түсіріп отыр. Нарық АҚШ реттеушісі желтоқсанда мөлшерлемені көтереді деп сенімді, ал дүйсенбіде инвесторлар ФРЖ төрағасы Кевин Уоршның сөзін күтуде. Жоғары мөлшерлеме тәуекелі жоғары активтерді, соның ішінде биткоинді де, тартымсыз етеді.
Құлдырау алтыншы аптаға созылып отыр. Сенбіде ғана биткоин 65 мың долларға дейін құлдырап, бір аптада 14%-ға жуық арзандады, ал Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжао сатылымды өз биржасы бастады деген қауесетті жоққа шығарды.



