Ақтөбеде 16 қарашада таңертең Нұрлытан көшесіндегі жеке үйдің ауласынан, Ғазиза Жұбанова көшесіне жақын жерде, оқ тиген ер адамның денесі табылды. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздеп жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысының полиция департаменті хабарлады.
«Күдіктіні ұстауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізілуде», — деді полиция. Ведомство тергеу мүддесі үшін өзге мәліметті жария етпейді. Полиция сондай-ақ жалған ақпарат таратпауды және ресми дереккөздерге сенуді сұрады.
Полиция қаза тапқан адамның есімін атамады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол жанармай құю бекетін басқарған кәсіпкер. Әлеуметтік желілерде оны жанармай бекеттері желісінің бірінің директоры болуы мүмкін деп жазып жатыр, бірақ бұл ресми түрде расталған жоқ. Көрші үйлердің тұрғындары таңертең ерте мылтық дауысын естігенін айтты. Полиция жақын маңдағы балабақшаға баратын жолды жапты. Марқұмның туыстары үйге келгенімен, журналистермен сөйлесуден бас тартты.
Жергілікті пабликтерде күдіктінің көлігі Орскіге баратын трассадан табылуы мүмкін екені, ал Богословка трассасында полиция көліктері жиналып, криминалистер жұмыс істегені жазылды. Полиция бұл мәліметтерге түсініктеме бермеді.
Бұл — соңғы бір айда Ақтөбеде болған алғашқы кісі өлтіру емес. 3 қарашада Неке сарайында 26 жастағы қызды пышақтап өлтірді, кейін қалада тағы бір әйел қаза тапты — екі жағдайда да қаза тапқандардың бұрынғы күйеулеріне күдік түскен.



