Алматы тұрғыны «Қорғас» ХШЫО арқылы Қытайға салмағы 5 кг 764 г, құны 488 млн теңге болатын алтын құймаларын алып өтпек болған. Сот оны экономикалық контрабандаға оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы 16 қарашада Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.
Алтынды кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру үшін ер адам құймаларды денесіне жабысқақ таспамен орап байлаған. «Кедендік тексеру кезінде контрабанданы уәкілетті органдардың қызметкерлері анықтап, алып қойды», — делінген прокуратураның хабарламасында.
Істі Панфилов аудандық соты қарады. Үкім бойынша тәркіленген алтын мемлекет кірісіне айналдырылды. Сотталушының өзіне қандай жаза тағайындалғанын прокуратура нақтыламады. Оның аты-жөні мен жасы аталмайды.
«Қорғас» ХШЫО — Қазақстан мен Қытай шекарасындағы негізгі автомобиль өткізу пункттерінің бірі. Ол арқылы жүк те, жолаушылар да өтеді, соның ішінде Шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығына баратындар да бар.



