Американың Goldman Sachs банкі 2027 жылы әлемдік мұнай нарығында «айтарлықтай артық ұсыныс» пайда болып, бағаны төмен түсіреді деп күтеді. Банктің негізгі болжамы бойынша, келесі жылы Brent бір баррелі орта есеппен 88 доллар тұрады, ал 2027 жылдың соңына қарай 78 долларға дейін арзандайды. Себебі бағадан «тәуекел үстемесі», яғни жеткізілім үзілуі қаупіне қосылатын артық баға біртіндеп кетеді. Дан Стрёйвен (Daan Struyven) бастаған сарапшылардың 15 қарашадағы жазбасын Bloomberg жариялады.
Банктің есебінше, 2027 жылы мұнай өндірісі түпкі сұраныстан тәулігіне 2 млн баррельге асады. Бұл көрсеткіш тәулігіне шамамен 1 млн баррель көлеміндегі ықтимал жеткізілім үзілістерін ескергеннің өзінде шығып отыр. «2027 жылы біз жеткізілім үзілуінің жоғары тәуекелі мен нарықтың артып келе жатқан бейімделуі арасындағы тартысты тағы да күтеміз», – деп жазады сарапшылар.
Басты себеп – Таяу Шығыс АҚШ пен Иран арасындағы соғысқа бейімделді. Goldman Sachs аймақтағы өндіріс 2025 жылғы орташа деңгейден асады деп күтеді. Оған мұнайды теңізде танкерден танкерге тікелей құю және Ормуз бұғазын айналып өтетін, Оман шығанағына, Қызыл және Жерорта теңіздеріне баратын жаңа мұнай құбырлары көмектеседі. Банктің бағалауынша, алдағы бір жылда мұндай құбырлардың қуаты тәулігіне тағы 3,8 млн баррельге артады. Ал әлемнің қалған бөлігінде өндіріс өсімі тоқтайды.
Бағаға әлемдегі ең ірі мұнай сатып алушы Қытай да қолдау көрсетпейді. Бензин мен дизельге сұраныстың әлсіздігі оның тұтынуын тәулігіне шамамен 400 мың баррельге қысқартады. «Біздің бағалауымызша, Қытайдың мұнайға жалпы сұранысы 2025 жылы шыңына жетті», – делінген жазбада.
Банк басқа сценарийлерді де сипаттады. Парсы шығанағы елдеріндегі өндіріс күткеннен төмен болса, 2027 жылы Brent бір баррелі орта есеппен 120 доллар шамасында тұруы мүмкін. Ал әлемде мұнай күткеннен көп болса, баға 60–69 долларға дейін түсуі ықтимал.
Қазақстан үшін бұл болжамның маңызы зор, өйткені мұнай – бюджет пен Ұлттық қор кірісінің басты көзі. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында бір баррельдің базалық бағасы 70 доллар деп алынған. Goldman Sachs-тың 2027 жылдың соңына берген негізгі болжамының өзі бұл межеден жоғары, бірақ биылғы Brent орташа бағасынан төмен.
Қазір мұнай арзандап жатыр. Астана уақытымен сағат 14:28-де Brent бір баррелі 94,87 доллардан саудаланды, бұл алдыңғы күнгіден 1% төмен. Нарыққа Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы қысым түсіріп отыр: өткен аптада агенттік соғыс басталғалы бері алғаш рет нарық IV тоқсанда-ақ артық ұсынысқа көшеді деп күтті. Биылғы ең жоғары баға сәуірде тіркелді: ол кезде Brent бір баррелі 126 доллардан асып, 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Жыл басынан бері бір баррельдің орташа бағасы шамамен 91 доллар.



