Су ресурстары және ирригация министрлігі рұқсатсыз су пайдаланғаны үшін коэффициенттерді көтеріп, су саласындағы реттелетін қызметтердің тарифтерін тұтынушылар топтарына бөлуді ұсынып отыр. Әзірге бұл – бұйрық жобасы, ол 30 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда тұр. Өзгерістер ең алдымен суармалы суды шарт бойынша алатын аграрийлерге қатысты.
Фермерлер үшін ең маңыздысы – коэффициенттер. Коэффициент – әдеттегі төлемге көбейтілетін сан: ол неғұрлым жоғары болса, тәртіп бұзушы соғұрлым көп төлейді. Жобаға сәйкес жоғары коэффициент суды рұқсатсыз алғаны үшін ғана емес, дақыл түрін немесе егіс алаңын келіспей өзгерткені үшін де қолданылады. Шаруашылыққа қанша су керек екені не егілгеніне және қанша алаңға егілгеніне байланысты. Төлем қаншаға өсетіні әзірге белгісіз: жобаның сипаттамасында нақты сандар көрсетілмеген.
Сонымен қатар министрлік мәлімделген қызмет көлемін өзгерту тәртібін нақтылап, уақытша өтемдік тарифтер мен төмендету коэффициенттерінің ережелерін қайта қарамақ. Табиғи монополия субъектілерінің өтініштері электронды түрде қабылданады, ал олардың қосымша табысын тек мақсатына сай жұмсау міндеттеледі.
Құжат «Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады, ол «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Ережелер «Табиғи монополиялар туралы» заңға сәйкестендіріледі. Талқылаудан кейін жоба пысықталуы мүмкін, содан соң ғана қабылданады.
Билік судың «қара нарығымен» бірнеше жылдан бері күресіп келеді. 2025 жылғы желтоқсанда вице-премьер Қанат Бозымбаев «Қазсушар» ылғал сүйгіш дақылдарға су беру шарттарын тек бекітілген лимит шегінде жасасатынын айтты. 2026 жылғы мамырда су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов ғарыштық мониторинг тек Түркістан облысының өзінде шартсыз су алудың 39 дерегін анықтағанын хабарлады: фермерлер осылайша 197 гектарды суару үшін шамамен 790 мың текше метр суды заңсыз алған. 2025 жылы бассейндік инспекциялар жалпы сомасы 75,2 млн теңгеге 365 айыппұл салған.
Елде сараланған су тарифтері бұрыннан бар. 2024 жылғы ақпаннан бастап Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы бойынша монополистер халық үшін ауыз суға төрт деңгейлі тариф енгізе алады: адам басына айына 3 текше метрге дейін – әдеттегі бағамен, 10 текше метрден асса – екі есе қымбат. Сонымен бірге мемлекет аграрийлерге су үнемдеуге көмектеседі: 2026–2028 жылдары су үнемдейтін суаруға салынған қаржыны өтеуге және суармалы судың құнын арзандатуға 228,1 млрд теңге қарастырылған – бұл алдыңғы үш жылдағыдан төрт есе көп.



