Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Нөмірді көшіру: ұялы операторды ауыстыру ережесі 24 қарашадан өзгереді

Жеке тұлға өтінім берген сәттен бастап 45 минуттан кешіктірмей өз нөмірімен басқа операторға өте алады.

SIM-карты разных форматов
Фото: Wikimedia Commons

2026 жылғы 24 қарашадан бастап Қазақстанда ұялы байланыс операторлары арасында абоненттік нөмірлерді көшірудің жаңартылған ережесі күшіне енеді. Тиісті бұйрыққа 10 қарашада Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қол қойды.

Ең басты өзгеріс жаңа SIM-карталарға қатысты. Операторда алғаш рет іске қосылған нөмірді алғашқы активация күнінен бастап кемінде 14 күнтізбелік күн өткен соң ғана басқа операторға көшіруге болады. Тағы бір шектеу бар: нөмірді сақтап, операторды 60 күнтізбелік күнде бір реттен жиі ауыстыруға болмайды.

Бұл абоненттер үшін нені білдіреді. Нөмірді көшіруге өтінімді жаңа оператордың қызмет көрсету орнында немесе оның автоматты қызмет көрсету жүйесі арқылы береді. Жеке тұлғаға ол үшін телефон нөмірі мен ЖСН қажет, ЖСН-і жоқ шетелдікке – нөмір және жеке басын куәландыратын құжаттың деректері мен оның жарамдылық мерзімі. Бұл деректер бұрынғы оператормен жасалған шарттағы мәліметтермен сәйкес келуі тиіс. Абоненттің қалауы бойынша нөмірді көшіруді кейінге қалдыруға болады, бірақ 30 күнтізбелік күннен аспауы керек.

Көшіру мерзімі де нақты белгіленген. Операторлар жеке тұлғаның нөмірін 45 минут ішінде, заңды тұлғаныкін төрт жұмыс сағаты ішінде көшіруі тиіс. Уақыт өтінім берілген сәттен бастап есептеледі, бірақ өтінімді жаңа оператор өзінің жұмыс кестесіне сәйкес қабылдайды. Бұрынғы оператор сұранысты жеке тұлғалар үшін 10 минуттан, компаниялар үшін үш жұмыс сағатынан кешіктірмей қарайды, ал нөмір көшірілген соң оны өз желісінде 30 минут ішінде сөндіреді.

Компаниялар үшін екі нұсқа қарастырылған. Толық көшіру кезінде тізімдегі барлық нөмір ауысады, ал кемінде біреуі бойынша бас тартылса, бүкіл өтінім қабылданбайды. Ішінара көшіру кезінде бұрынғы оператор келісім берген нөмірлер ғана ауысады.

2026 жылдың басында SIM-карта іске қосылғаннан кейін 60 күннен ерте операторды ауыстыруға тыйым салатын жоба талқыланған еді. Осылайша «жылдам көшу» деп аталатын жағдайға, яғни іс жүзінде пайдаланылмаған нөмірлерді көшіруге тосқауыл қою ұсынылған. Ережелердің түпкі нұсқасында жаңа нөмірлер үшін бұл мерзім 14 күн болып белгіленді. Сонымен қатар абоненттер байланыс бағасын да талқылап жатыр: Beeline 20 қаңтардан бастап 21 мұрағаттық тарифтің қымбаттайтынын хабарлады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз