Қырғызстанда бензин бір жылда 24%-ға қымбаттады — бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жылдам өсім. Мұндай деректерді 2026 жылғы қыркүйек бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия келтірді, деп хабарлайды 24.kg. ЕАЭО бойынша бензин бағасы сол бір жылда орта есеппен 20,3%-ға өскен.
Одақтың басқа елдерінде баға баяуырақ өсті. 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 2026 жылғы қыркүйектегі өсім мынадай:
- Қырғызстан — 24%;
- Ресей — 22,7%;
- Армения — 11,4%;
- Қазақстан — 10,1%;
- Беларусь — 4,3%.
Қазақстанда бензин одақ бойынша орташа көрсеткіштен екі есе аз қымбаттады.
Жыл басынан бері Қырғызстанда басқа энергия ресурстары да қымбаттады. 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда бензин онда 17,2%-ға (ЕАЭО бойынша орта есеппен 18,3%-ға), дизель отыны 24,6%-ға, электр энергиясы 16,9%-ға қымбаттаған. ЕЭК Қырғызстан жекелеген энергия ресурстарының бағасы ең айқын өскен елдердің қатарына енгенін атап өтті.
16 қарашада Бішкектегі жанармай құю бекеттерінде АИ-92 литрі 87,8–87,9 сомнан (шамамен 447 теңге), дизель отыны 99,9 сомнан (шамамен 508 теңге), сұйытылған газ 47,8–48,8 сомнан сатылды, деп хабарлайды Kaktus.media. АИ-95 бағасы бекеттер арасында ең көп ерекшеленеді: литрі 109,9 сомнан 130,9 сомға дейін (шамамен 558–665 теңге).
Қырғызстан Энергетика министрлігінің дерегінше, ел жанар-жағармай материалдарының шамамен 93%-ын Ресейден әкеледі. 2026 жылғы шілдеден бастап онда АИ-95 бағасы мемлекеттік реттеуден шығарылып, енді нарықта белгіленеді. Ал Қазақстанда өндірушілердегі отын қымбаттап жатыр: қазан айында бензин бағасы зауыттарда тоннасына 201,1 мың теңгеге дейін өсті.



